ШАЛГЕЗ
1
Жолдасымды айтайын,
Айтайын да қайтайын.
Өңшең батыр арыстанды
Құнанбоз деген аты бар.
Алдынан қара кетпеген,
Артынан адам жетпеген.
Көн садақты, күн бетті,
Жараған бура келбетті,
Жаңғыз оғын атқанда
Мың кәпірді еңіретті.
Оның бір несін сұрайсың?
Ол кісінің ішінде
Қырымнан жалғыз аттанған
Қоянақұлы Қожақ бар. 2
Енді бірін кім десең,
Сырты қызыл күймелі,
Омырауы алтын түймелі,
Ту сыртынан қарасаң,
Дөнен бұқа шүйделі.
Қарт бурадай қабақты,
Қарт бірқазан тамақты,
Оның бір несін сұрайсың?
Ол кісінің ішінде
Теңгеліктен жалғыз аттанған
Бекімнің ұлы Жанай бар. 3
Енді бірін кім десең,
Тумай аты жазылған,
Шаппай ізі қазылған,
Асылы нұрдан жаралған,
Жауды көрсе жайнаған.
Жай тасындай қайнаған,
Мың қызылбас кез келсе,
Айдарынан ұстап байлаған.
Оның бір несін сұрайсың?
Ол кісінің ішінде
Күркерден жалғыз аттанған
Нәріктің ұлы Шора бар.
4
Енді бірі кім десең,
Болатты найза өңгерген,
Алыстан жауды шемдеген.
Күнінде жау көрсет деп,
Бір тәңірден тілеген.
Жорық жортып жүргенде,
Кәпірдің еті болмаса,
Өзге азықты жемеген.
Қарсы келген дұшпанды
Қару етер демеген,
Оның бір несін сұрайсың?
Ол кісінің ішінде
Құбаннан жалғыз аттанған
Қараның ұлы Сидақ бар.
5
Енді бірін кім десең,
Жеті аршын жарым бойы бар,
Адамнан артық біткен сойы бар,
Артынан келген дұшпанға
Көрсететін тойы бар.
Жауырыны жазық, мойны ұзын,
Оқ тартқанда қолы ұзын,
Маңдайының арасы
Екі қарыс, екі елі,
Дулыға сыймас шекелі.
Оның бір несін сұрайсың?
Ол кісінің ішінде
Текперден жалғыз аттанған
Көкшенің ұлы Қосай бар.
6
Енді бірін кім десең,
Тебінгісін терге шіріткен,
Терлігін майдай еріткен.
Адырнасын атқа алған,
Атқан оғын тайға алған.
Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен,
Дұспанын сауулы інгендей еңіреткен.
Құралай көрсе көзге атқан,
Құланды көрсе белге атқан.
Оң келгенін оң атқан,
Сол келгенін сол атқан,
Солақай тартса құлатқан.
Құйқылжыған құла жирен ат мінген,
Құйрығын келтесінен шарт түйген,
Қорамсаққа қол салған,
Бір салғанда мол салған.
Суырып алған қу жебе
Сүбесінен жол салған.
Темір қазық жастанған,
Терлік, тоқым төсенген.
Жауға қарап аттанса,
Жөнелте қолын бастаған.
Көк сүйрік атты борбайлап,
Қамалды бұзған айғайлап.
Оның бір несін сұрайсың?
Ол кісінің ішінде
Алғидан жалғыз аттанған
Естерекұлы Тарғын бар. 7
Енді бірін кім десең,
Қырқадан қырқа қараған,
Қырық шалғысын тараған,
Қалмақтан аққан қара қан,
Адалға сойып жалаған.
Мың қызылбас кез келсе,
Бір өзіне балаған.
Үсті бір қару қалталы,
Жалманы қарсы балталы,
Оның бір несін сұрайсың?
Ол кісінің ішінде
Қияттан жалғыз аттанған
Айдынды Димес тағы бар.
8
Енді бірін кім десең,
Кәпірге сілтеп жанынан.
Алпыс екі алмас тоздырған.
Елін байтақ жұрттан оздырған,
Қасындағы қосшының
Қара санын создырған.
Ерегісіп келгенде,
Ескі ауруды қоздырған.
Оның бір несін сұрайсың?
Ол кісінің ішінде
Шағаннан жалғыз аттанған
Мұсаның ұлы Мамай бар.
9
Атаңа нәлет, жуан хан,
Сен бізді алғанша талай бар.
Жылқыңа тиген он қазақ,
Аз кісі деп мақтанба,
Жылқыңа жетіп келгенде,
Басыңа түсер тұман, хан!
Мың кісіге – жүз кісі,
Жүз кісіге – он кісі,
Он кісіге – бір кісі.
Мың жабыға – бір тұлпар,
Мың үйрекке – бір сұңқар,
Мың қарғаға – бір кесек,
Қаптай шапсаң жылқыңа,
Жылқыңа жетіп келгенде,
Төсенерсің шөп төсек!