19.08.2022
  197


Автор: Мұрат Мөңкеұлы

МҰРАТ ПЕН ЖАСКЕЛЕҢ

Жаскелең:
Алаш та алаш болғалы,
Алаша атқа мінгелі,
Ала шұбар ту байлап,
Алашқа біреу ұран бергелі,
Әлім еді ағасы,
Шолпан еді анасы.
Жаз жайлауым сұрасаң,
Ойыл да, Қиыл, Батпақты,
Терісаққан, Қобда саласы.
Күз күзеуім сұрасаң,
Қайнар менен ұзын Жем,
Сағыздың сары даласы.
Қыс қыстауым сұрасаң,
Атыраудың жағасы.
Өзімнің атым – Жаскелең,
Кетеде Бекберген жырау баласы.
Он жасымнан асқалы,
Осы жасқа келгелі,
Екі жақты, бір тілді
Қазақтың жоқ-ты таласы.
Жарлық айдап келді ме,
Жылқыға кедей ел ме едің,
Қаңғырған Байұлының баласы?
Мұрат:
Алаш та алаш болғалы,
Алаша атқа мінгелі,
Ала шұбар ту байлап,
Алашқа біреу ұран бергелі,
Әлім бе еді ағасы?
Шолпан ба еді анасы?
Шыңғыстың басы – Қособа,
Естекте Кете отырған,
Жер шегінің арасы,
Жаз жайлауың білемін –
Ойыл да, Қиыл, Батпақты,
Терісаққан, Қобда саласы.
Күз күзеуің білемін –
Адай деген Байұлының
Қайта көшіп жол салған
Сары жұрт қылған даласы.
Қыс қыстауың білемін –
Ұзын Жемнің аяғы,
Атыраудың жағасы.
Жер тимеген Кетеге
Байұлы бөліп тастаған,
Тәмәм сордың арасы.
Кете деген еліңіз
Әлім де емес, Бай да емес,
Асыранды қара қарын баласы.
Асыранды болған соң,
Қой бақтырған мен едім,
Қойымды баққан сен едің,
Үш қошқардың баласы.
Қоңыр қошқар мен сойып,
Майлы таяқ қолға ұстап,
Майлыбай деп шақырып,
Ұран берген мен едім.
Отыз ешкі, қотыр нар,
Енші берген мен едім.
Ол еншіге өкпелеп,
Кетем деген сен едің.
Кетсең кет деген мен едім.
Кетем деген тіліңнен,
Кете атанған ел едің.
Жылқыға кедей ел емен,
Жөніңді тап та жылқыңды ал,
Осының жөні қалай деп,
Өздеріңдей білгіштен
Сұрайыншы деп едім.





Пікір жазу