19.08.2022
  240


Автор: Мұрат Мөңкеұлы

ЕЛІНЕ ЖАЗҒАНЫ

Дұға де Мәкен, Сиқыт, Шеруенге,
Тайсойған, адыра қалғыр, ит Қарабау
Ат мініп, киім киген жерім еді.
Есіме Беріш жігіті түсіп кетсе,
Көзіме қай-қайдағым көрінеді.
Сәлем де Бәшен менен Жаманбайға,
Аманат жалғыз жаным бір құдайға.
Өсірген еркелетіп Беріш жігіті,
Көзіме көрінсейші осындайда?!
Дұға де Дінтұрғанға, Дүйімбаян,
Пенденің қылған ісі Аллаға аян.
Қош айтпай қайран елге қаңғып кеттік,
Бақытқа кез болған соң мұндай заман.
Мал бітер әлде болса өлмегенге,
Ежелден қасқа емес-ті ата-бабам.
Ақсақал, дұға деңіз Бәшен байға,
Кей адам түсінбейді айтқан жайға.
Айырды айдын көлден қанып тұрған,
Не жаздық бұ секілді бір құдайға?
Айырды айдын көлден қанып тұрған,
Жоқ болса керек затты алып тұрған.
Итемген қалың қара ауыл еді,
Әр күні кеңес сұрап барып тұрған.
Шалқыған қарындастан жатқа кетіп,
Ойласам, құдай-тағала тарықтырған.
Қош айтпай ағайынға жүре берсек,
Бір жаннан қайғы менен қауіп қылған.
Кешегі Беріш дәулеті мас күнінде
Алқаның жүйрігі едік сауық қылған.
Мал бітіп әлі де болса жұрт көрерміз,
Кезекті бұл дүниеде ауытқыған.
Дұға де Жауһар менен Амандарға,
Кез болдық мұндай қысаң замандарға.
Беріштен жеті баулы тәңірі айырды,
Алланың салғанына амал бар ма?
Сәлем де Айжарыққа, Алдаберген,
Дүние өтті бізден дөңгеленген.
Шошынып қапелімде халықтан кеттік,
Мұндайды бұрын-соңды көрмегеннен.
Дұға де Барпы, Бопан, Дәрібайға,
Тап болдық елден кетіп біз мұндайға.
Керекті жоқ уақытта беріп тұрған,
Олардай енді бізге құрбы қайда?
Сәлем де Мүсірәлі ақсақалға,
Аманат жалғыз жаным бір құдайға.
Берішті жеті баулы жат болар деп,
Кешегі кең заманда ойда бар ма?!
Сәлем де Наурызәлі, Елеш қартқа,
Пана еді бас ақсақал жұмлә халыққа.
Жазуға бір қағазға сыймас білем,
Көп еді тату құрбы Арқа жақта.
Егер де халықты көрмей қата болсақ,
Дұғадан тастамасын һәр уақытта.
Сәлем де Дүйсәлі мен Жұбандарға,
Күн қайда бұрынғыдай бұлаңдарға.
Жетер ме Маңқыстаудан айтсам сәлем,
Қоныста-ай еркелеткен қылаңдарға.
Қызығын дәулетінің көп көргенмін,
Тапсырсын көрмей өлсек бір Аллаға.
Сәлем де Ғали, Мәмбет, Мұстапаға,
Кіші іні, қатар құрбы, үлкен аға.
Беріштен жеті баулы тәңірі айырды,
Салса да мұнан зорды жоқ-ты шара.
Сәлем де Сейіп, Шойтас, Тәжімдерге,
Еркелеп бірге жүрген әсілдерге.
Жетелеп ақ түйені жаяу кеттік,
Көрмеген бұрын-соңды асу жерге.
Беріштен жеті баулы мал кеткен соң,
Жарлылық ерік бермеді тәсілдерге.
Сәлем де Дошыман мен Ізбасарға,
Өсірген еркелетіп тіл құмарға.
Кең күнде пікіріме кірген жоқ-ты,
Құдайым салады деп мұндай тарға.
Иманқұл тату еді-ау Есенғазы,
Бар еді ақсүйектей асыл сазы.
Егерде халық көрмей өліп кетсек,
Беріштің естен кетпес тәтті назы.
Дүние өтті бізден атқан таңдай,
Болады мұның түбі әлдеқандай?!
Үйінен көп сыйлаған Баймағамбет,
Отырып тату күнде төре қандай.
Әзілін Кенжебайдың көксеп тұрмыз,
Ішінде қараңғы үйдің жаққан шамдай.
Уақытында еске түссе езілеміз,
Бал тамған лебізінен Ихсан жанды-ай.
Өкінішім, егер де өлсем, болар білем,
Берішке қапы кеттім қош айта алмай.
Дұға де інімізге Дәулетүмбет!
Сәлемді алу – парыз, беру – сүндет.
Қауысып аман болсақ ел көрерміз,
Әзірге жазып тұрмыз сәлем-құрмет.
Белгілі біздің мінез өздеріңе,
Ойламас пікір қылса келмейді деп.
Дұға де Досжан сынды ақ сұңқарға,
Беріштен керек еді кеткен арға.
Қалшылдап, ерегісіп, тілін алмай,
Қадірін білгенім жоқ қолда барда.
Жөнеліп көлденең шыңнан асқаннан соң,
Көкірек қауысқанша ынтызар да.
Айналып ел көреміз аман болса,
Құдайым ерік бергендей заман болса.
Берішті жеті баулы жатқа санап,
Мойынды бір бұруға амал болса!





Пікір жазу