ОҚУДАН ҚАЙТҚАН ЖІГІТКЕ
Дұға де інімізге Дәулетүмбет,
Сәлемді алу – парыз, беру – сүндет.
Қауысып, аман болсақ жолығармыз,
Әзірге жазып тұрмыз сәлем, құрмет.
Сәлемді алу – сізден, беру – бізден,
Шырағым, көргенім жоқ былтыр күзден.
Болмаса қауыса алмай жүргеніміз
Ойлама бар деп шүбә көңілімізде!
Шырағым, қайттың ба аман Орынбордан,
Әуелгі талап етіп кеткен жолдан?
Құдайым талабыңды серлі еткей,
Деп едім, бәрімізге болар қорған.
Құдықтың жаңа шыққан көзі емессің,
Бұлақтай ата-бабаңда билік болған.
Законын екі жұрттың тегіс білсең,
Дәмем бар адаспас деп қысаң жолдан.
Ерназар – Беріш құтпаны, атаң – Алдар,
Белгісі хақ жақсының халқын қамдар.
Асылдың азбай жүрген тұқымысың,
Шырағым, адаспас деп үмітім бар!
Дос болған атаңменен Әбілхайыр
Әуелде Беріштен озған бір белгің бар.
Тілекеден қор көрген атаң Байнақ,
Жаманға жараспайды қылған қайрат.
Бір таңға үш шошыған ата-бабаң,
Астана, қарындастың қамын ойлап.
Астана ата-бабаң жеген қамын,
Құдайым қайырлы еткей берген бағын.
Осындай ата, ағаңның үлгісі бар,
Бұ сөзді білгіземін сізге, жаным!
Жас күніңнен талибтықты жолықтырдың,
Законын қабат оқып толықтырдың.
Законын екі жұрттың бірдей біліп,
Кеудеңді әрбір жолға молықтырдың.
Құрбыңның көбі білмейді шаруасын,
Қатардан он бесіңде озып тұрдың.
Құдайым дәрежеңді қайырлы еткей,
Бақытқа жас күніңнен қонып тұрдың.
Көп білік, кеудең толы, аузыңда – иман,
Ата, ағаң ақ талаптан нәсіп жиған.
Қызығын дүниенің бермек үшін,
Құдайым дәреженің бәрін қиған.
Бір құдай өміріңді ұзақ еткей,
Бала деп үмітті едім баққа туған.
Бала деп үмітті едім туған баққа,
Ата, ағаң адам еді билік айтқан.
Законын екі жұрттың тегіс білсең,
Ойладым бір көзім деп іште жатқан.
Адасар көзсіз адам жүрген жолдан,
Адассам, жетелерсің алып қолдан.
Халқымның адасқанын бастамасаң,
Біліктен не пайда бар кеудең толған?!
Бала едің бақытымызға, сіз бір сұңқар,
Көре алмай көптен бері болдым іңкәр.
Көп дұға қауысқанша ағаңыздан,
Деп тұрған қауысарға үмітім бар.