19.08.2022
  154


Автор: Мұрат Мөңкеұлы

ЖАЙЫҚ БЕРІШ СЫЙҚЫТТЫҢ ТОЙЫН БАСТАУЫ

Астана тұрсын құралып,
Жүйрігің сөйлеп қарасын,
Кеудеден сөзді шығарып.
Алдымнан адам құтылмас,
Ұстаймын салып бұғалық.
Жиылды тойға төрт болыс,
Тайсойған деген осы жер
Мекен еткен бұл қоныс.
Жұртты жиып той ету
Қолынан келмес кей жанның
Қиын болар бұл жұмыс.
Бұл қонысқа қонғалы,
Тілеке атаң болғалы,
Атқардың қолдан көп жұмыс.
Ауылында бар еді,
Қайтпайтұғын бұл ырыс.
Арғы атаң Тілеке еді, әкең Байнақ,
Жау көрсе арғымақ ат шығар жайнап.
Дау келсе Беріш ұраны Ағатайға
Деп едік Машақ сөйлейді бұлбұл сайрап.
Мол дәулет қара ағаштай қалың бітіп
Бар еді оған серік ақыл-қайрат.
Кісі жоқ қатарыңа жететұғын,
Ісіңді пікір етіп тұрсам ойлап.
Шынжырың жеті атаңнан келе жатқан
Астынан өніп тұрған сен бір бұлақ.
Келеді тарылғанда көп ағайын,
Мұқтажын қиналғанда сенен сұрап.
Келгенде жасымайсың күндіз-түні
Жүрегің қозғалмайды соған шыдап.
Той қылып, ұзатып тұр Сыйқыт қызын,
Ер жігіт ұмытпайды татқан тұзын.
Әншейін қара қазақ менсінбедің,
Сен іздеп барып алдың төре қызын.
Дүние өтер бастан атқан таңдай,
Болады мұның соңы әлдеқандай?
Қыз алып ақсүйектен Шахан сынды
Ұл туды жұрт көруге Мәмбетжандай.
Он жаста оймауыттан үлгі алған, қыз,
Кеудеге ақыл-сана қолданған қыз,
Он бесте қызыл мақпал шұлғанған қыз.
Ән салған ауылдағы жігіттерге.
Бір ауыз тіл қатуға бұлданған қыз.
Сәукеле, алтын зерің өңірдегі,
Алдырған қос нар беріп Хиуадан, қыз.
Мен көрмен әйелдерден сендей сұлу
Өтіпті Зылиха мен Зибадан, қыз.
Төгілтіп тең жорғаны тойға мініп,
Көздерді оттай жағып қинаған қыз.
Дүния бізден бір күн өтер-ау деп,
Күніге неше түрлі қырланған қыз.
Ақылың қатарыңнан артық туған
Кем емес Асау менен Тұрланнан, қыз.
Қызғалдақ қырда өскен гүлді алған қыз,
Ақынның жүрегінен жырланған қыз.
Бұлақтай тал бойында сыр тұнады
Сылдыры естіледі сырғаңнан, қыз.
Арғы атаң Тілеке мен Алдар еді,
Мол біткен қара ағаштай мал бар еді.
Кешегі өткен Машақ тірі болса,
Халықты әлі де сырттан қамдар еді.
Сақтасын дүнияның жазымынан,
Дүниеде қолы жомарт жандар еді.
Байлықты билікпенен беріп тұрған,
Бақыттың анық қонған аңғары еді.
Аяңдап тойға келдім дөненменен,
Жаз жайылып, күз семірген көбеңменен,
Қызығын осы тойдың көре келдік,
Той бастау – ата дәстүр өлеңменен.
Тұсыңа келіп тұрмын тойды бастап,
Бұл сөзді шығарамын сізге қостап.
Әуелде Алла берген бақытың бар,
Әлде де кете қоймас сізді тастап.
Атаңыз өткен Машақ би
Сөйлесе халықты тебіренткен.
Ерегескен дұшпанын
Қанатын қиып мендеткен.
Әзіреттің ала тауындай
Алаштың ұлы белгі еткен.
Келтірді тойға кезімді,
Мінім болса, бетіме айт
Тұрсыңдар көріп көзімді.
Біразырақ мақтадым
Осыменен астана
Қысқартайын сөзімді..





Пікір жазу