19.08.2022
  290


Автор: Мұрат Мөңкеұлы

БАТЫРЛАРДЫ ЖОҚТАУЫ

Жаз болса Сарыарқаға келеді Адай,
Күз болса қайтушы еді шөл жағалай.
Аз ауыл Бәйімбетті аяды жәуміт,
Қысқы жұт қарсы көшіп жазғы жауға-ай.
Шабылды тоғыз ауыл қызыл хақтан,
Сөйлесе сезіледі тіл мен жақтан.
Мінгені ит жәуміттің өңкей бедеу,
Өсірген сылап-сипап құлыншақтан.
Келеді бүтін Адай мұздай аман,
Тең өліп төрт жиенім маған батқан.
Ықылас Қамысбайдың күйеуі екен,
Атқан оқ ажалсызға тие ме екен?
Кешегі жаудан өлген төрт ақсұңқар,
Бәрі де Ағатайдың жиені екен.
Досекем қойқын көкті баптап келді.
Қоразда бір аяғын ақсап келді.
Кешегі жау қашырған қырық кісі,
Беріштің төрт жиенін мақтап келді.
Досекем аз кісімен қуғын қуған,
Қылышын қаһарланса, қанға жуған.
Ішінде қара мойын серкесі бар,
Қайта ма серкелі қой айдын судан.
Қорыққанның бәрін құдай сақтап келді,
Қайраттың пайдасы жоқ артық туған.
Ат қылып жауға міндің қаракерді,
Белгілі ол нағашың Жапарберді,
Ақтығы Бөтекемнің Есенияз,
Қояйын айта түсіп есіл ерді.
Есболай, ер Итемген енетейін,
Беріштен ер өткен жоқ онан кейін.
Аузыма Адайды айтсам, Беріш түседі,
Жасады тәуір артық, мен не етейін?
* * *
Арғы атамыз белгілі,
Отыз екі таңбаға
Ұранға шыққан Ағатай,
Жауға шапқан жанаса-ай.
Ағатай ердің тұсында
Құрыды жаудың шарасы-ай.
Ерлікпен тартып алынды,
Алпыс судың саласы.
Үш таңбалы Алшынға,
Сауын берген қолынан.
Одан бергі атамыз –
Әулие туған Есболай.
Есболайдан туыпты,
Өзі батыр Итемген.
Өзіне тиген дұшпанға,
Нар бурадай сүйкенген.
Қарсы келген дұшпанды,
Найзасымен итерген.
Итемгеннен туыпты,
Қалдыбай, Қара, Табылды,
Сол ерлердің тұсында,
Дұшпаннан кегім алынды.
Жапар атқа мінген соң,
Көк найзаға жалынды.
Батыр болып туыпты,
Табылдыдан Құлбарақ,
Ерді айтамын қудалап.
Ерегіскен дұшпанның
Етін жеді жұлмалап.
Алты сан алаш жайылып,
Басын қосып құралса,
Кем деген жоқ бір қазақ,
Онан соңғы ерді айтсам,
Құлшар менен Кебісті,
Жарасар ерге сөзім бар,
Айта берсем келісті.
Өле-өлгенше сол ерлер,
Сыртынан бағып қамдады,
Жет баулы Берішті.
Ердің соңы кешегі,
Алдаберген, Амандай.
Тап болып отыр ерлерім,
Түрлі тарлық заманға-ай.
Болса да бойда қайраты,
Екі қолы байлаулы
Болғаннан соң осы күн,
Отыр тағы асыл ер
Адымын ашып шаба алмай.
Кешегі өткен Исатай,
Жауды көрсе састы ма,
Онан қорқып қашты ма?
Ертеде өткен бұрынғы,
Шора мен Тарғын болмаса,
Бір қазақтың ерлігі,
Махамбеттен асты ма?
Алладан әмір болған күн,
Ол да бір күн кетіпті.
Қара жердің астына.
Есентемір ер Мыңбай,
Сұлтанкелді, Көктаубай,
Өмір менен Темірді,
Ерегіскен дұшпанның
Шекелерін кемірді.
Сол секілді ерімді
Алып кетті бір күні,
Бұл қара жер жебір-ді.
Шеркештерді мақтасам,
Асауұлы Тұрланды-ай,
Жауды көрсе қырланды-ай.
Ерегіскен жерінде
Айғыр нардай жынданды-ай.
Таз болысын мақтасам,
Төремұрат, Өтенді.
Дұшпанға қылған қайраты.
Былайғыдан төтен-ді.
Айтпай не ғып қояйын,
Сол секілді көкемді.
Адайыңды мақтасам,
Дәуімшар мен Құдабай,
Алдына келген дұшпаны,
Жапырылды шыдамай.
Бұрынғы өткен ерлердің
Қайратын айтсам мынадай.
Онан соңғы ерді айтсам,
Сүгір менен Досанды-ай.
Бір шікеттей көрген жоқ,
Зеңбірекпен тосарда-ай.
Бір ерегіс жерінде,
Кетік деген қаланың
Қазынасын қопарды-ай.
Осы күнде ер бар ма,
Ойлап тұрсаң соларды-ай...





Пікір жазу