19.08.2022
  314


Автор: Мұрат Мөңкеұлы

ҚЫЗ

Бұраңдап ақ моншақтай керілген қыз,
Оздырдың салтанатты еліңнен, қыз.
Сәулесі ақ жүзіңнің еске түссе,
Реңкің сары алтындай көрінген қыз.
Шай ішіп самаурыннан сәске түсте,
Керіліп азар тұрасың төріңнен, қыз.
Қосшы ертіп, үкі қадап, жорға мініп,
Көшкенде салтанатың көрінген, қыз.
Дәулетің қалың қара арқасында,
Асқан жоқ қатар-құрбың өзіңнен, қыз.
Бұлаңда дәурен өтпей басыңнан, қыз,
Сүйегің жаратылған асылдан, қыз.
Лебізің, сөзің – шырын, маржан – тісің,
Кеткісіз келген адам қасыңнан, қыз.
Адамның жалғаншыда арманы не,
Сізіңмен дүниеде қосылған, қыз.
Сөйлесең сүт шығады тіліңнен, қыз,
Құрбыңа салтанатың білінген қыз.
Басымнан бұ дүние өтеді деп,
Қайғымен тамақ ішпей бүлінген қыз.
Қамқа бөрік, кәмзол бешпент, алтын ілгек,
Ақ көйлек зер шашақтан киінген қыз.
Қызығын дүниенің сіз де көріп,
Ата-анаң үйде отырып сүйінген, қыз.
Шалықта ата-анаңның дәулетіне,
Бір күні жөнелерсің үйіңнен, қыз!
Әуелде атаңа еріп анаң келген,
Ойласаң осы жерден білінген, қыз!





Пікір жазу