19.08.2022
  279


Автор: Мұрат Мөңкеұлы

ЖАЛҒАНШЫ ФӘНИ ЖАЛҒАН-ДЫ

Жалғаншы фәни жалған-ды,
Топырақтан жаратқан.
Осы бір жүрген адамды
Асырап сақтап өсірген,
Бір жасаған құдайым,
Он сегіз мың ғаламды.
Замананың түрінен
Әрі-бері сөйлесем,
Осы дүниеде жүрген адамға,
Не деп айтсам жарасар?
Досымның көңілі тынсын деп,
Дұшпанның белі сынсын деп,
Бозқыраудың күнінде
Тау арасын жайласа,
Көк орайлы шалғынға
Жапыра бие байласа,
Қазы мен қарта, жал-жая
Қия кесіп шайнаса,
Он сегіз мың ғаламды
Жаратқан алла адамды,
Бай кісіге жарасар!
Алтыннан тоқпақ соқтырса,
Күмістен қазық қақтырса,
Жібектен желі тарттырса,
Елі бір аса көшкенде,
Қос тұлымды қара нар
Ноқта мен желі арттырса,
Жедінің айы туғанда,
Үйіне асау сойдырса,
Үйіне келген мейманды
Қайырымен тойдырса,
Бай баласы балпаңды,
Бәйбішеге жарасар!
Ертеңмен тұрып ақырса,
Аллалап азан шақырса,
Аузына харам салмаса,
Шипалы жерге бармаса;
Аккаламды оқыса,
Алланың берген санасын
Кеудесіне тоқыса,
Шариғаттың жолы деп,
Әдеп бір етсе мұртына,
Көзімен көрген нәрсесін
Өсиет етсе жұртына,
Аккаламды аударған,
Ол пір ұлына жарасар!
Садағын сала байланса,
Астана жұртын айналса,
Бес қаруын белге ұрса,
Омырауын желге ұрса,
Ат үстінен күн көрсе,
Арып-ашып шөл көрсе,
Тебінгіні теріс тағып,
Темір қазық жастанып,
Қарындас үшін қан жұтса,
Ол ер жігітке жарасар!
Адырнасын атқа алса,
Атар оғын тайға алса,
Еділде тұрып оқ атып,
Жайыққа оғын жоғалтса;
Жайықта тұрып оқ атып,
Еділге оғын жоғалтса;
Бір атқанда он атса,
Атқанын қардай боратса;
Құралайды көзге атса,
Құланды көріп белге атса;
Атқанын тастан өткізсе,
Садағының бір оғын
Жеті қабат жер астына кеткізсе,
Ол мергендікке жарасар!
Елпең-елпең жүгірсе,
Ебелек отқа семірсе;
Емендей белі бүгілсе,
Жібектей жалы төгілсе;
Күн-түн қатып желгенде
Жер адымын қуырса,
Жердің шаңын аспанға
Жел-құйындай суырса;
Ертеңнен шапса кешке озса,
Еңкеуден салса төске озса,
Еңіреуден қара қайырса,
Құланды қақтан айырса;
Берсе жемге тоймаса,
Қырық қалаулы қойға алса,
Еңселігі екі елі,
Егіз қиян шекелі,
Шекелігі үш елі,
Күдері белді күпшек сан,
Күдер асып жорттырса,
Арғымақ атқа жарасар!
Қызыл киім киінсе,
Қызбалықтан көрінсе,
Қызды ауылды көргенде,
Ауыл жағын қамшылап,
Аулақ жағын тебінсе,
Астына күрең ат мінсе,
Жібек те емес, жіп те емес,
Адам көрмес зат кисе,
Жиырма жасқа келгенде,
Ол жігітке жарасар!
Қырық сомға алған шарқатты,
Орай салса басына,
Өзі он сегіз жасында,
Нұр сәулесі көрінсе,
Қиылған қара қасында;
Хиуаның ақ зерін
Сандығына сақтатса,
Талдап өрген бұрымын,
Қырмызымен қаптатса;
Ел көшкенде міндірсе,
Әшекейлі қара кер,
Етегіне салдырса;
Кезі жүз сом алтын зер,
Ақылымен пікір ойласа,
Орнын тапқан жерінде,
Зейіні түскен құрбымен,
Мәслихат етіп ойнаса;
Тал бойына қарасаң,
Сырдың біткен талындай,
Ауыздан аққан лебізі
Базардың алуа, балындай;
Жауырынына қарасаң,
Тастан салған дередей,
Кешкіғұрым ақ үйден
Ырғай басып көрінсе,
Камзол бешпент делбегей,
Шеки басқан аяғын
Қызыл сафиян, ақ балтыр
Қыз балаға жарасар!
Қырқадан қырға қараса,
Қырық шалғысын күніне
Он екі сілкіп тараса;
Қу төңкерсе аспаннан
Үш түлеген баппенен,
Дауылпаз соқса астынан
Желбегей күрең атпенен,
Бауыры шұбар, сырты көк
Қаршыға құсқа жарасар!
Аласа болып алдасқан,
Мұнар бөліп түнде асқан,
Мұсылман болып дінді ашқан,
Мұның бәрі, жігіттер,
Бір кісіден табылмас,
Астана жұртқа жарасар!





Пікір жазу