19.08.2022
  228


Автор: Мұрат Мөңкеұлы

ТОПҚА ТҮСКЕНДЕГІ ТОЛҒАУЫ

Ақ сұңқар құстың асылы,
Айдыннан таңдап қу алған.
Тәуекелшіл ер жігіт
Адаспай жүріп жөн табар,
Қараңғы түнек тұманнан.
Жиырманың күнінде
Дабылым кейін шыққан жоқ,
Серғазыұлы Шыманнан.
Ат болар тай құлыннан,
Ақыл шығар ұланнан.
Жақсының сөзі кем емес,
Алуа, шекер, бал судан.
Жаманның сөзі кем емес,
Адам татпас зәр судан.
Бұл дүниенің жүзінен,
Нешелер жақсы өткен жоқ,
Жүрегінен бел буған.
Бір бәлеге жолығар
Орнын таппай сөз қуған.
Таңырқатып сөйлейін,
Екпіні қатты аққудан.
Елден шыққан есермін,
Екі жақты бір тілді,
Сөйлейтін сөзге шешенмін.
Қынапты қара қылышпын,
Салып кетсем, кесермін.
Сұр жорға аттың сүргіні,
Қағыл жердің үргіні.
Ақ төстері аңқиып,
Қараша қайтар күз күні.
Қызыл тілім қырмызы,
Уақыт келсе алладан,
Алып кетер бір күні.
Айдын көлдер суалса,
Жағалай қонған қаз кетер.
Ер жігіттен бақ тайса,
Қатар жүрген құрбымен
Айтысып жүрген наз кетер.
Атадан алтау тусаң да,
Аузың бірге болмаса,
Дұшпанға қолдан ар кетер.
Бес-алты ауыз жел сөзді
Алдыңызда басталық,
Біразырақ айтып тасталық,
Тәңірдің берген күнінде.
Ұлы алқаға түскенде,
Сөйледім талай шаттанып,
Көңілдің шатты күнінде,
Атасы арзан қара сөз,
Айтып едім басқарып;
Жасы бір үлкен ағаның,
Заманы қатар құрбының
Алқасында сөйледім,
Қызметін атқарып.
Байұлының ішінде
Қазақ ұлы қаралас,
Қанша жүйрік дегенмен
Оза алмайды бас салып.
Әлімұлы, Байұлы,
Тама, Табын, Жетіру,
Алшыннан алған жүлдем бар.
Білген кісі айта алмас,
Айтады деп мақтанып.
Халық ортаға алған соң,
Жұрт жүйрігі болған соң,
Сөзді неге таппалық?
Сұрағаның сөз болса,
Әрі-бері сөйлейін,
Таудан шыққан бұлақтай,
Ылдиға құйған ақтарып.
Сөйлейін сөзі ерінбей,
Бойымды балап керілмей.
Айт дегенде кей адам,
Бойбалайды өлімдей,
Жылы қылып сөйлейін,
Жазғы желдің лебіндей.
Анық қылып сөйлейін,
Ақ теңгенің мөріндей.
Шалықтатып сөйлейін,
Айдынның шалқар көліндей.
Асыл қылып сөйлейін,
Базардың алтын беріндей.
Жабыстырып сөйлейін,
Тұтқыр сары желімдей,
Сұлу қылып сөйлейін,
Қос жорғаны мініп ап,
Түскен жаңа келіндей,
Жатық қылып сөйлейін,
Жазыққа біткен ыраңдай,
Жарастырып сөйлейін,
Сәукеленің бетіндей,
Тымақта шаңқан қылаңдай.
Өлең айтып, ән салу,
Бұ да көңіл көтермек,
Не бар бізде құнарлы-ай?
Мылжыңдаған көп сөзді
Жаратпайды құранда-ай.
Құдайдан жәрдем болмаса,
Біздей қулар шулайды-ай.
Аударса шайтан көңілді,
Не салмайды қиялға!
Жас елуден асқанша,
Алпысқа аяқ басқанша,
Нәпсіні жүрміз тыя алмай.
Қартаймайтын, өлмейтін,
Бар деп қайта естілсе,
Азықтанып, қостанып,
Кетер еді әркім де
Өз алдына жыларға-ай.
Басы жұмыр бұ пенде,
Не салса да көніп жүр,
Балуан, байлық, батырлық,
Үшеуі қолдан келмей жүр.
Сүйген құлға беріп жүр.
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Қияметтің азабын
Дүниеде көріп жүр.
Уақыты біткен жан
Бұйрықты күні өліп жүр.
Жігіттігі өлгеннің
Оты жанбай сөніп жүр.
Жеті қары бөзбенен,
Күніне бірін көміп жүр.
Оны көзің көріп жүр.
Таусылар-ау бұл адам,
Біреуін біреу орып жүр.
Бір адамды қиянға,
Бір адамды зиянға
Аударып шайнап, шеліп жүр.
Атаңды алып алдыңда,
Құрбыңды алып жаныңда
Төңіректеп келіп жүр.
Жай жаратып өргізген,
Дүние жүзін көргізген,
Бір жаратқан алласын,
Кімдер бар да, кімдер жоқ,
Дүние қараң қалған соң,
Еркім болмас басымда,
Қияметке барған соң.
Байұлы басын қосқанда
Алшынның көрдім ордасын.
Сөйлемесем кім білер,
Қызыл тілдің жорғасын?!
Құлағың салып тыңдай бер,
Жүйрігің кеңес қозғасын.
Тіршілік күнде сөйлесін,
Мекен етіп жайлармыз
Бұйрықты күн біткенде,
Еншіге тиген жол басын.
Дария шалқар, айдын көл
Суы бір кетсе құрғаған.
Қор болады күнінде
Өзіндей ерді қорлаған.
Мен саңлақты жүйрікпін
Басымды тартпан ортадан.
Жабының семіз жалдысы,
Қарлы жерде тоңбаған.
Жаманның тентек малдысы
Айтқан бір сөзге болмаған.
Аса біткен ерліктен,
Артық біткен қайраттан
Ойласаңыз не пайда,
Орын таппай көп жүрген.
Бізден бұрын өтіпті,
Асан Қайғы бабамыз,
Ғайыптың ісін болжаған.
Адасса алды таптырмас,
Қараңғы түнек тұманның.
Қанша шешен болса да,
Қияметке барғанда,
Қызыл тіл, сені сынармын.
Жас алысса, жау алған,
Ағатай алған ұранын.
Байтақтан озып, бәйге алған,
Даңқты жүйрік шұбармын!
Алашта жүйрік бар десе,
Сынасуға құмармын.
Жиырманың күнінде
Көкірегім тел өсті,
Мінілмеген жуандай.
Сөз сөйледім ерігіп,
Көрмеген қара құландай.
Мен бәйгелі жүйрікпін,
Жүргенім жоқ сыналмай.
Қара бұлт жауады,
Шығып желге өрлеген.
Мен белгілі жүйрігің,
Көп ішінде сөйлеген.
Сөз білмейтін жамандай,
Жүрмейтұғын шабандай,
Отырмаймын бойбалап,
Бұрын топты көрмеген,
Жасың үлкен ағалар,
Заманың қатар құрбылар,
Алдарыңда сөйлейін,
Мейірің қансын бәріңнің
Сағынып сезім шөлдеген.
Әмірлі күн ағады,
Дарияның сеңдері.
Жарияға кеме жүзе алмас,
Бұзылса құрсау шеңбері.
Жер астына жатқансын,
Топырақ боп батқансын,
Бұл қызықты көрмейміз
Өлгеннің бар ма келгені?!
Қанша дәулет берсе де,
Қалыбынан аспайды,
Арғы ата сойында
Болмаса қатар көргені...
Даңқты жүйрік мен едім,
Айтатұғын жел сөзге
Бір қазақтан епті едім.
Дүние деген ұшқан құс,
Байқай алмай қаларсың,
Басыңнан шарлап өткенін.
Дүниенің төрт бұрышын,
Қорқыт атаң шайқады.
Ажалға айла таба алмай,
Қайта айналып келді деп,
Бұрынғылар айтады.
Заманның болар тәрізін
Асан Қайғы әулие
Көзі көрмей байқады.
Қанша дәулет бітсе де,
Басыңнан ауса бақытың,
Алпыс күн тасқан дария
Алты күнде қайтады...
Бұл дүниенің жарығы –
Туып, батқан күн мен ай,
Таңы атса, күн болар,
Күні батса, түн болар.
Екі жақты сөйлеткен,
Сайраған қызыл тіл болар.
Айт дегенде тоқталған,
Қас жүйрікке мін болар.
Ор қоянның мекені –
Ырғыл-орғыл құм болар,
Онан кетсе не болар?
Құралай деген бір аң бар,
Оның жүрген мекені –
Жолы құмшық жер болар.
Сұр мергеннің мекені –
Жалғыз томпақ шым болар.
Алтын пышақ соқтырсаң,
Ол пышақты сақтайтын
Күміс сауыт қын болар.
Ер жігіттің ажары –
Белінен өнген ұл болар.
Көп ішінде отырып,
Бір айбатты ер сөйлесе,
Былайғы халық жым болар.
Хас жақсыға мал бітсе,
Базарға басы пұл болар.
Қас жаманға мал бітсе,
Қойына қойшы сала алмай,
Жүрісінен құл болар.
Бір жақсы адам сөйлесе,
Айтқан сөзі ем болар.
Атадан алтау тудым деп,
Мақтанбаңыз, жігіттер,
Жалғыздық келер күн болар.
Бес-алты ауыз сөйлейін,
Болса жәрдем пірімнен.
Пірден жәрдем болмаса,
Не болсын бізде білімнен?!
Мен саңлақты тұлпарың
Байрақты жерге жүгірген.
Исатай мен Махамбет
Қызыл тілді қазақтан
Жоқ еді жері сүрінген!





Пікір жазу