19.08.2022
  462


Автор: Ойын өлеңдері

Бала мен шілдің айтысы


Азырақ өлеңімді ал бастайын,
Балалық албырттықты мен тастайын.
Жолығып қозы бағып жүргенiмде,
Болған соң айта салдым сөзiм дайын.
Айтқанда осы өлеңдi аз ойландым,
Өмiрдiң көп сырына қайран қалдым.
Бәйшешек, көк шалғында маужыраған,
Ермегi өлең деген жайған малдың.
Дөңестiң қозы бақтым бауырына,
Отырдық жердiң таңдап сауырына.
Ұстап ап байғұс шiлдi ерiккен соң,
Өлең ғып айтып келдiм ауылыма.
Қиысы кейде нашар осы өлеңнiң,
Бiр шiлге қолға түскен аз бөгелдiм.
Жел сөздiң желдей ескен арқасында
Өлең ғып әлгi шiлдi ала жөнелдiм.
Айтыстым әлгi шiлмен сол арада,
Көрсеттiм өктемдiктi бейшараға.
Сүйретiп жалбыратып ұстап алып,
Бастадым осы өлеңдi ен далада.
Жоқ едi көкте бұлт, жерде қылау,
Бiлмейтiн албырт кезiм елдi сыйлау.
Оралған қыл тұзаққа байқұс шiлмен,
Айтысып айтқан сөзiм сонда мынау.
Б а л а:
Шiлмiсiң, кекiлiкпiсiң, неменесiң?
Беткейге тұзақ құрсам кез келесiң.


Қаңғырып қайдан келдiң сорлы байғұс,
Шiлiм-ау, шыныңды айтшы, ендi өлесiң.
Жаудырап шiл байғұстың екi көзi,
Кездейсоқ тұзағыма келген кезi.
Жалынып қоя бер деп өлең айтып,
Сондағы байғұс шiлдiң айтқан сөзi.
Ш i л:
Екеуi: шiл, кекiлiк ағайынды,
Жаныңа өлең айтып жағайын-ды.
Аға-екеш, менi өлтiрмей қоя бершi,
Жақсылық етiп баян бағайын-ды.
Б а л а:
Атымның соған бола қылын жұлдым,
Беткейге қылын жұлып тұзақ құрдым.
Бидайды тұзағыма шашып қойып,
Затыңды бәлем сенiң сөйтiп ұрдым.
Ш i л:
Обалы жұлған қылдың менде болсын,
Жақсылық пайдасымен сенде болсын.
Аға-екеш, менi өлтiрмей қоя бершi,
Және де мал мен басың тең боп өссiн.
Б а л а:
Әй, шiлiм, кiшкенеңнен жорғалайсың,
Тау-тастан қырғи көрсең қорғалайсың.
Шiлiм-ау, арықпысың, семiзбiсiң,
Ұстатшы төс етiңнен, сен қалайсың?
Ш i л:
Сен ұстап төс етiмдi не қыласың,
Бiр шапан екеу ара жамыласың.
Ағатай, менi өлтiрмей қоя бершi,
Бiр қасық қанды жүктеп не қыласың?!


Б а л а:
Түсiмде бөрте атыма мiнiп жүрмiн,
Тау-тастан қырғи қоймай жиып жүрмiн.
Шiлiм-ау, осы түстi жорып бершi,
Жүнiңдi тап-тақыр ғып жұлып жүрмiн.
Ш i л:
Шiлiңiз жаман айтса назар болар,
Адамға тағдыр жетсе қаза болар.
Түсiңiз түске ұқсасын, мен жориын,
Бақ қонып сарайыңыз таза болар.
Б а л а:
Ой, шiлiм, бара қойшы жаның сақтап,
Жiбердiң осы құрша менi мақтап.
Қолына қырғи, сұңқар қалма түсiп,
Жүргейсiң қысы-жазы менi жақтап.
Ш i л:
Ағатай, мол-ақ екен амалдарың,
Басына талай сеңгiр самалдармын.
Егер де жайылымға ұзап кетсек,
Болмасын ағайымның көңiлi жарым.
Б а л а:
Келемiн қозы айдап ылди-ойдан,
Шыға алмас қозы қарғып терең жардан,
Шырағым, тау-тас кезiп ұзап кетпей,
Жесеңшi бiздiң үйде көп бидайдан.
Ш i л:
Жемеймiн бидайыңды көп те болса,
Болады өзiме ас шөп те болса,
Бiр күнi жардай қылып сойып тастар,
Бидай жеп мен семiрiп еттi болсам.


Б а л а:
Қонады бiздiң ауыл қиыр шетке,
Сенi мен өлтiрмеймiн биттей етке.
(Қолымнан бара қой деп ұшырып ем,
Әлгi шiл ұшып барып қонды бетке).
Ш i л:
Мен өзiм қорқа-қорқа қор болдым ғой,
Сен дағы құдайдан да зор болдың ғой.
Әй, бала, теңдiк алдым, қолым жеттi,
Терезем терезеңмен тең болды ғой.
Б а л а:
Қарашы, мына шiлдiң ұшуына,
Iзiң жоқ жерде менiң түсуiме.
Қайтадан, шiлiм, қолға түсе қалсаң,
Қамшымен мен даярмын күсуiме.
Шiлменен аз сөйлестiм мәслихат құрып,
Жамағат, тыңдадыңыз мойын бұрып.
Әлгi шiл бiр қарамай кеттi ұшып,
Қамшымды отыра кеттiм лақтырып.
Өлеңi жас баланың саусылдайды,
Сарқылып тау суындай таусылмайды,
Ерiгiп қозы жайып жүрген шақта
Өлең ғып жүрушi едiм осындайды.
Қатесiн кешiрерсiң, үлкен аға,
Көңiлiң жас кезiңде пара-пара.
Азырақ қара сөздi тiзбектедiм,
Балалар, қате жерiн түзеп қара!


жылқы бала сурет фото 





Пікір жазу