19.08.2022
101
Тəуелсiздiк тəу етерiм – гүл-бағым...
Тəуелсiздiк тəу етерiм – гүл-бағым,
Тарихымды келе берер жырлағым.
Қазағымның саны өссе арман жоқ,
(Шiлдетойда ағытылар жыр-ағын).
Дами берсiн дiнiмiз бен тiлiмiз,
Дос болайық бiрiмiз бен бiрiмiз.
Дəстүрiмiз жалғас тапсын алда да,
(Əруақтарға тас атпайық тiрiмiз).
Ұсақтыққа барыспайық ұлт болып,
Шаңыраққа Қызыр келгей, құт қонып.
«Бөлiнгендi бөрi жейдi» ағайын,
Игi iстер iстелiк тек жұп болып.
Қазақстан – қазағымның Отаны,
Əрбiр таңым тыныштықпен атады.
Тағдыр жазса, өзге ұлттың өкiлi,
Құшағына сыйып кетiп жатады.
Жаса елiм, үстем болғай мерейiң,
Көк Жалауды Жеңiстерде көрейiн.
Қазақстан – қазағымның Отаны,
Бақыт-бақтан жемiсiңдi терейiн.
Алматы. 19-20.04.1990 ж. –
Астана. 12.2001 ж.