19.08.2022
  121


Автор: Нұрлан Қалқа

Жаза

(Баллада)
I
Адамды адам алаласа оңбайды,
Түбінде ол опық жейді, сорлайды.
Сондай халге душар болған дəрігер,
Əлі күнге ұлын іздеп жоқтайды.
Жырлайын мен болған жайды бір кентте,
Ұмыт қалмас үшін сол жəйт құр текке.
Дəрігердің қатыгездеу қылығы,
Салмақ салған иманды əр жүрекке.
Бірде болды адам сенбес уақиға,
Кете барды жап-жас бала бақиға.
Ажалменен арпалысқан боздақты,
Безбүйрек бір дəрігерге тап қылған...
II
– Ағатай! – деп кіріп келді бір кісі,
– Құтқара гөр!..
Қашып кеткен түр-түсі.
– Бала қақтым, құтқара гөр, дəрігер! –
Деді байғұс тым суыттау жүрісі.


Жас медбике есік ашты жүгіріп,
Сасқан адам бір шығады, бір кіріп.
Қапелімде өзі қаққан баланы,
Емханаға əкеліпті үлгеріп.
Жүргізуші шыр-пыр болып, жылап тұр,
Ал дəрігер өз қызметін пұлдап тұр.
– Білесіз ғой, қол байлайды жоқшылық, –
Деп жұқалап, одан пара сұрап тұр.
– Құтқара гөр!
Не сұрасаң беремін,
Қазір барып қаржы жиып келемін.
Мына бала көк өрімдей екен-ау,
Құтқара гөр, тауып келем керегін!
Аямаймын, сұрағанды берейін,
Бір Аллаға, сосын сізге сенейін.
Жас баланың жанын ап қал, дəрігер,
Міне, кеттім, көп ұзамай келемін…
III
Жалпағынан басып тұрған жалғанды,
Дəрігер ше... көрмеді кеп баланы.
Медбикеге тапсырды да науқасты,
Бөлмесіне жылдам кетіп қалған-ды.


Білмеді кеп жасөспірім жағдайын,
(Енжарлықтан тартарын да сазайын).
Есін білмей, бала жатты қансырап,
Азап шеккен қасіреті аздайын.
Тездетпесе жағдай ауыр, біледі.
Медбикелер дəрігерге кіреді.
– Қазір барам, күтсеңдерші сабырмен,
Деп тіл қатты шымыр етпей жүрегі.
Қайран боздақ, əлсіреді, қан кетті,
Соры болар, имансыз жан тап кепті.
Күрессе де ажалменен қаншама,
Демі бітті, кеудедегі жан кетті.
Күйзелген жан енгенінде бөлмеге,
Бұрын-соңды мұндай азап көрмеген.
Дəрігер жоқ, бала жансыз қалыпты,
Тұла-бойын ашу-ыза кернеген.
– Лағнет атқыр!..
Ботадайын боздады,
Жас балаға Алла ғұмыр жазбады.
Зыр жүгірген шарасыз боп медбике,
Ал дəрігер көмек қолын созбады.


IV
Ол келгенде кенет болды бір жағдай,
Қарап қалған барлығы да кіл барлай.
– О, құдайым, не жазып ем мен саған! –
Деп дəрігер басын ұрып, тұр зарлап.
Құлқын қамын күйттеген бір пенде,
Күңіренді, қайғы құшты бірдемде.
Құтқарып та қалар еді баласын,
Заматында келіп халін білгенде.
Кеш, кеш енді, амал қанша, кеш бəрі,
Дəрігерді жеп қоярдай, өш бəрі.
Берген антын ақтамаған пендені,
Мүмкін емес тірі жанның кешпегі.
Ниет-қанжар қадалды кеп тəніне,
Парақорлық нүкте қойды бəріне.
Өз баласын арашалап қала алмай,
Алланың ол ұшырады кəріне!





Пікір жазу