18.08.2022
290
Отбасың - бақыт құсың
Жанарға
Ұзатылып барасың, балапаным,
Алла жазса арайлап атар таңың.
Ақ жол тілеп жатыр ғой үлкен-кіші,
Таусылмасын өмірде татар дəмің.
Ұзатылып барасың, қызым бүгін,
Басталады ертең-ақ қызықты күн.
Балалықты таста да байсалды бол,
(Жеңіл болған емес-ті қыздың жүгі).
Ұзатылып барасың, балам бүгін,
Толқып тұрмын, көңілім алаң, күнім.
Табыстадық өзіңді бір Аллаға,
Құдағи мен құдаға,
Саған ұлым!
Барған жерде ашылсын бағың, қызым,
Білем-білем, адалсың, ақылдысың.
Бар тілегім: өсіп-өн, ұрпақты бол,
Біле білсең, отбасың – бақыт құсың.
Қорған болар жарыңның қасындасың.
(Тек бақыттан айналсын асыл басың).
Ақ батамды бердім мен ақ пейілмен,
Құдай қосқан жұптарың жазылмасын!