meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  18.08.2022
  150


Автор: Нұрлан Қалқа

Емтихан ғой бұл өмір

Ілесбек Сейдахметовке
Емтихан ғой бұл өмір біздер үшін,
(Тапсырмасқа болмасын сіз де түсін).
Өту үшін сынақтан дайындал да,
Мықтырақ тарт ердің сен үзеңгісін.
Емтихан ғой бұл өмір сауалы көп,
Келу керек оған да жауабың дөп.
Өтпей қалсаң бір жолы сағың сынар,
Арқалайтын ешкім жоқ сауабын тек.
Емтиханды тапсырдық мектепте де,
Соңымыздан қалмады ержеткенде.
Қоштастым деп ойлап ем емтиханмен,
Диплом алып КазГУ-ден мен кеткенде.
Тағы шықты бір күні сынақ алдан,
(Қызметке алынбайсың құлап қалсаң).
Жатпай-тұрмай оқыдық заңнаманы,
Жаттық талай теректей сұлап, шаршап.
Қыр соңыңнан қалмайды сынақ деген,
(Кездерім жоқ бірақ та құлап көрген).
...Емтиханнан өтсем деп абыроймен,
Тіршілікте бағымды сынап келем.





Пікір жазу