18.08.2022
  95


Автор: Нұрлан Қалқа

Ауылға бардым

Ауылға бардым, анамды көріп, қуандым,
Көңілім босап, əкемді көріп, жұбандым.
Туыстар келіп, арқа да жарқа, əн салып,
Атап өтілді атажұртымда туған күн.
Ауылға бардым, ауасы қандай, тұп-тұнық,
Қулықтан1 келер бұлағы қандай, сұп-суық!
Тауларым қандай, күзетіп тұрған ауылды,
Аспаны қандай, шөкімдей бұлт жоқ,
тып-тымық.
Жылысай барып, дəм таттым аға үйінен,
Тірлігін көріп, қуандым іштей, сүйінгем.
Қайқыны асып, құдаға барып, жыр оқып,
Серпіліп қалдым, арылып сұп-сұр күйімнен.
Ауылға бардым, бата алдым абыз ападан,
(Жүрсемші енді қалмастан көштен, қатардан).


Кегеннің желі шашымнан сипап, сергітті,
Қуат ап қайттым ауылға барған сапардан.
Шілде, 2007 жыл.




1Қулық – тау аты.





Пікір жазу