18.08.2022
  114


Автор: Нұрлан Қалқа

Әкеме хат

«Бiз сендердi уайымдап, түннiң
бiр уағына дейiн көз iлмеймiз…».
Əкемнiң əңгiмесiнен.
Хатқа төктiм жылдар бойғы сырымды,
Көп шешiле бермейтiн ем бұрын-ды.
…Аллаһ жар боп, жолын ашып бердi де,
Астанадан шығарды ғой ұлыңды.
Қайран əке!
(Жасындасың пайғамбар),
Азғырып жүр соңғы кезде сайтандар.
Бiр Аллаға жүгiнемiн қысылсам,
Жан емеспiн бөсiп сөйлеп, жай таңдар.


Аңдамадым досым ба, жоқ қасым ба?
Барлық жанды бiрдей көрдiм жасымда…
Шiркiн, өмiр!
Мiнезiмдi өзгерттi,
(Əппақ түске боялыпты шашым да).
Сен – тамырсың,
мен – мəуелi терегiң,
Жылуыңның нəрiн алып келемiн.
Жел айдаған тұл жапырақ емеспiн,
Бiр күн менде жемiсiмдi беремiн.
Өмiрiмнiң жалғасы бар – қызым бар,
Қылығына көңiлiм көп қызығар.
Шыр-пыр болған жайыңды мен түсiнсем,
Жан сырымды түбiнде сол қыз ұғар.
Абзал əке!
Сенiң күнiң батпасын,
Немерелер үмiтiңдi ақтасын.
Жаныңды жеп жүрiп бiздi жеткiздiң,
Қарт күнiңде көретiнiң бақ болсын!
…Аллаһ əркез жақ болсын!





Пікір жазу