Ұзынбұлақ
Балғын күндер, пəк кезiм, асыл шағым,
Өткен ауыл, мен саған асығамын.
Суың – мөлдiр, тау – заңғар, ауаң – тымық,
Таудан талай қу отын тасығамын.
Қой қарақат, өрiкке дарқан жерiм,
Билеп кетер жел тұрса шалқар белiң.
Етегiңде Торайғыр жусап жатыр,
(Анам түйген келiден талқан жедiм).
Қулық тауым жаздыкүн жасыл желек,
Сағынышпен бiр ұлың бас ұрды кеп.
Шұбап барып ұл-қыз боп егiстiктен,
Бала кезде сан терген тасың бөлек.
Моншалысай, Бұрғансай, Шұбарталым,
Тасты жарып қасқайып шығар таңың.
Терексай мен Сырғабай, Қыржол, Жабыр,
Тынысыңды сезiнiп, ұғар жаным.
Балғын күндер мекенi – Ұзынбұлақ,
(Ұлың азып, жүрмегей қызың жылап).
Шiл мен Құрды тұзақпен аулайтынбыз,
Бапкерiмiз – баяғы «ұзынқұлақ».
Күтiп алып Аласа, аттандырар,
Ұзынбұлақ ауылым мақтан қылар.
Қыржол ассаң бұлдырап көз алдыңда,
Аққамбада бiз жатқан ақтам тұрар.
Өлмесекте бiр жылы есек өлген,
Болған нəрсе, демегей: өсек ерген.
Қалмақсайда сарбаздар жауды жеңген,
Құдайқұлда жап-жасыл шалғын белден.
Көңiл-құйын, ауылға асығады,
Тау көрсем-ақ қабағым ашылады.
Ынтазармын суына тас бұлақтың,
Бiр жұтымға бар шөлiм басылады.