18.08.2022
  175


Автор: Нұрлан Қалқа

Әке аманаты

Қызым, саған ақ жол тілеп тұрмын мен,
Болашағың басталады бүгіннен.
Сен қияға қанат қағып барасың,
– Көріскенше! – десіп туған жұртыңмен.
Қызым, саған бақыт тілеп тұрмын мен,
Бара жатсың қол ұстасып құрбыңмен.
Жазылмасын мəңгілікке жұптарың,
Алла қолдап, отауыңды құрдың сен.
Қызым, саған ғұмыр тілеп тұрмын мен,
Нəр алушы ем шуақ шашқан күлкіңнен.
Еркелікті ақыл-ойға жеңдіріп,
Келешектің қамын қамда бүгіннен.
Қызым, саған аманаттап тұрмын мен,
Шаш жұртыңа мейіріңді күн күлген.
Отауыңның түзу шықсын түтіні,
Ақ батамды бердім бүгін жырыммен.





Пікір жазу