Ақшамшық ойыны
Ойын жүргізуші ойыншылардың арасынан бір кісі өтетіндей етіп дөңгелете отырғызады да, ортаға шығып өзі екі алақанын беттестіре ұстайды. Ойыншыларға да солай істеуді тапсырады. Содан кейін алақандарының арасындағы сақинаны ойыншылардың біріне тастау үшін айнала жүгіріп, бәріне сақина тастаудың белгісін жасайды. Алайда, ол сақинаны білдірмей біреуге ғана тастайды. Сақина жасырылған адам да оны басқаларға байқатпауға тырысады. Ойын басқарушы түгел айналып шыққан соң ортаға келіп: «Ақшамшығымды бер!» – деп дауыстайды. Сонда сақинаны алған ойыншы орнынан атып тұруы керек. Әрбір ойыншы оң жағында отырған көршісін бағады, сондықтан сақинаның онда барын білсе орнынан тұрғызбауға тырысады. Ал сақинаны алған ойыншы білдірмей тұрып кетсе, өзі жаза тартады, ол тұра алмай қалса айыпкер көпшіліктің ұйғаруымен өлең айта ма, би билей ме, домбыра тарта ма – әйтеуір бір өнер көрсетіп жазасын өтеуге тиіс (көпшіліктің ұйғарымымен қарсыласуға болмайды). Содан кейін ойын қайта басталып, әрмен қарай жалғаса береді.