18.08.2022
  519


Автор: Қазақ ұлттық ойындары

АҚСҮЙЕК

Әйгілі «Ақсүйек» ойынын балалар да, үлкендер де ойнайды. Жарық ай сәулесінің астында ойналатын «Ақсүйек» ерекше көңілді. «Ақсүйек» – шапшаңдық пен айла-тәсілді қатар пайдалана білуге, батылдыққа, қараңғыда жер жағдайын бағдарлауға, жүйріктікке тәрбиелейтін ойын.


Мұнда ойыншылар екі топқа бөлінеді. Екі бастаушы – ойынды жүргізушілер – «Ақсүйек» иелері. Ойын бастаушылар екі топты екі қапталға сапқа тұрғызады. Әдетте, топ бетін айға қаратып тұрады. «Ақсүйек» иелерінің бірі:


Ақ сүйегім, Айдан табыл,
Асқар-асқар таудан табыл,
Ақ шілікті сайдан табыл,
Ақ сүт құйған шайдан табыл,
Ақ қозылы қойдан табыл,
Алқа топты тойдан табыл,
Арманы асқаққа табыл,
Ақ жүзі арлыға табыл,
Ай асты алыстан табыл,
Алақайлы жарыстан табыл! –


деп өлеңдете тұрып, қолындағы Ақ сүйекті топтың ту сыртына қарай лақтырып жібереді. Сүйектің жерге түскен дыбысы – іздеуге берілген белгі болып табылады. Көмбеде екі ойын басқарушы қалады да, екі топ іздеуге шығады. Ақ сүйекті тапқан ойыншы тезірек көмбеге жетіп, оны иесіне қайтаруға асығады. Ал басқа ойыншылар жолай одан сүйекті тартып алуға тырысады. Сүйек қолына тиген ойыншы: «Ақ сүйек менде!»– деп айқайлауы шарт. Жолай сүйектен айырылып қалмау үшін, әркім оны өз жақтастарына лақтырып, амал-айла қолданады. Тіпті ойыншыларды шатастыру үшін бірнеше адам: «Ақ сүйек менде!» – деп қосарлана айқайлап, әрқайсысы әр бағытқа қаша жөнеледі... Сөйтіп, Ақ сүйекті көмбеге бірінші жеткізген жақ жеңіп шығады. Ұтылған топ өнер көрсетіп, «айыбын» ақтап алады.


«Ақсүйек» ойынына негізінен малдың қу сүйегі – кепкен жілік алынады. Ол болмаған жағдайда ақ дәкемен оралып, немесе ақ бояумен сырланған ұзындығы 15–20 см кішкентай ағашты пайдалануға болады. Сүйек иелері – топ басшылары ойынды кім бастайтынын таяқ ұстасу немесе жеребе тастау арқылы анықтайды. Көмбеге оза жеткен ойыншы Ақ сүйекті тек өз бастаушысына тапсыруы тиіс. Егер мүмкіндік болып жатса, жеңген топ үшін арнайы жүлделер тағайындауға болады. Ойын келісім бойынша 3–5 кезек ойналады.





Пікір жазу