ҚАҺАРЛЫ – БАНУ
Бұл халық аңыз-ертегілерінің ойын тү ріне айналған бір нұсқасы. Аңыз бойынша баяғыда анасынан жастайынан жетім қалған Қаһарлы күнкөріс үшін бір байдың қолында жалшылықта жүреді. Өмір бойы қарны тойып ас ішпеген, иығы жылтырап киім кимеген жас Қаһарлы кейін байдың Бану деген жалғыз қызын ұнатып қалады. Қыз да Қаһарлыны жақсы көретінін сездіреді. Алайда, екеуінің бастарының қосылуына қыз әкесінің ке лісім бермейтінін байқаған жастар бір түнде Қаһарлының әкесінен мұраға қалған жалғыз сиырға мінгесіп, беті ауған жақтарына жүріп кетіпті...
– Содан шөл далада арып-ашып өлетін халге жеткен кезде екеуі астарындағы аяқ артар жалғыз сиырды сойып жеген екен,– деп, аңызды тамамдаған жүргізуші әрмен қарай сөзін былай жалғайды: – Қазір мен сол етке жіліктелген сиырды көз алдыма елестете отырып, осында ойынға жиналғандардың бас-басына сол сойыс мүшелерінің бір-бір атауын бе ремін.
Сөйтіп, жүргізуші бір ойыншыны – «мойын», екіншісін – «жауырын», үшіншісін – «қабырға», төртіншісін – «омыртқа», т.т. деп, отырғандарды жағалай тиісінше атап шығады. Сосын ойынның шартын түсіндіреді. Шарт бойынша жүргізуші ойыншыға қандай сұрақ қойса да, ол тек өз атынан басқа ештеңе айтпауы тиіс. Мысалы, жүргізуші бірінші ойыншымен әңгімесін бастап: «Атың кім?» – дейді. Ойыншы: «Мойын»,– деп жауап береді. Жүргізуші: «Не жедің?» Ойыншы: «Мойын». Жүргізуші: «Не көрдің?» Ойыншы: «Мойын». Жүргізуші: «Нені жақ сы көресің?» Ойыншы: «Мойынды». Жүргізушінің сұрақтары осылай жалғаса береді. Ал ойыншының жауабы біреуақ, не сұраса да тек «мойын» деп жауап беруімен болады. Егер жаңылысып, басқаша жауап беріп қойса, ұтылғаны. Жүргізушіге ұтылғандығының белгісі ретін де бір затын (тарақ, қаламсап, ормал, т.т.) тапсырады. Бұдан кейін әңгімелесу екінші ойыншыға – «жауырынға», сосын «қабырғаға» ауысып, әрмен қарай жалғасып кете береді. Ең соңында әңгімелесу біткен соң жүргізуші ортаға шығып, ұтылған ойыншылардың заттарын жинап жүрген көмекшісін теріс қаратып қойып, әлгі заттарды бір-бірлеп суырып, жаза қолдану жөнінде билік айтқызады. Кесімді билік айтылысымен, заттың иесі оны бірден орындайды. Әдетте мұндайда өнердің барлық түрлері көрсетіледі. Жалпы, уақытты көп алатын болғандықтан бұл ойын көбіне бір-ақ рет ойналады.