Гүл неге қызыл?
– Гүл неге қызыл? – дедің-ау, қалқам,
Айналдым сенің анаңнан тапқан.
Шоқтайын жанып, үлбіреп тұрған,
Гүлдей ғой сезім, қызарып жатқан.
– Гүл неге қызыл? – дедің-ау, қарғам,
Түсіну сырын біздерге арман.
Уылжып пісіп, қызғалдақ байғұс,
Айта алмай сөзін қызарып қалған.
Шештім бе, сірə, жұмбақты қиын,
(Бассамшы енді сезімді құйын).
Əніңе елтіп, күй кештім ғажап,
Көңілді қойшы, жырларым – сыйым!
Мойылдай жанар, шиедей ернің,
Жанымды баурап, сүйсінте бердің.
Бойымды билеп, қызғалдақ-сезім,
Ұмтылдым саған, еркіңе көндім!
Сырыңды бүгіп, қызара бердің,
Елігім-күнім, сол ма еді сертің?!
Оралып қайта, қылықты күндер,
Бұрды ма, əлде, сен болып бетін?!
Бозбала шақта боз ала таңнан,
Жастықтың балдай буына қанғам.
Қырқымда тағы, көңілде көктеп,
Шықтың ба, қалқам, қайтадан алдан!