18.08.2022
  193


Автор: Нұрлан Қалқа

Алтын қазық

Сізді берген Тағдырға мың разымын,
Ақылшым сіз, менің алтын қазығым.
Жаным жүдеп, жабырқап мен жүргенде,
Жүрегімді жылытты ғой əз үнің.
Апа, сізді Алла ғажап жаратқан,
Ел қамын жеп, түн түрілген, таң атқан.
Тілеу тілеп, медет тілеп Алладан,
Иманың ғой бізге нұрын таратқан.
Апа, сізді берген Аллаһ ғажайып,
Сіздей жандар бара жатыр азайып,
Дүниені ұстап тұрған иман ғой,
Санама сіз құйған нəрді жазайын.
Апа, сізбен тілдессем мен жайнаймын,
Тарқатылып сала берер бар қайғым.
Тіршілікке құмартамын соншалық,
Білесіз бе, жаңа жауған қардаймын.


Қуат алдым батаңыздан, түледім,
Жаңа ғана жасып, жүдеп жүр едім.
Қызықпын ғой, қызық жанмын мен деген,
Сəл нəрсеге ауырады жүрегім.
Күш жинадым ақ ниетті батаңнан,
(Керемет қой үлкендерден бата алған).
Мұндай тілек естімеп ем əжемнен,
Мұндай бата алмаған ем атамнан.
Жылы сөзің жадыратты жанымды,
Салам енді тек өнерге барымды.
Сізге ұқсап, ақ тілеулі апатай,
Кірлетпейін ұжданымды, арымды.
...Бір ауыз сөз көтеретін биікке,
Бір ауыз сөз кетер жанға тиіп те.
Аңдаусызда айтып қалсаң жөнсіз сөз,
Қапелімде кетуің тез күйіп те.





Пікір жазу