Үнсіз ару
Түк қалмады думаннан, ойындардан,
Жапырақтай тоналып кетті бәрі.
Біз қашамыз кінәні мойындаудан,
Тек тағдырдан іздейміз көп кінәні.
Кеш еді.
Сағым қуған сайран еді,
Он сегіз апармадың қайда мені?
Емеурінін танытса елігі елдің,
Шаш қою сұмдығы-ай, серілердің.
Бір қонақ қыз келіпті, қарашы, әне,
Сол сәтте сені көрдім.
О, құдірет, көз алмай бала біткен,
Дана адамдай қарайды даралықпен
Жаным-ау қуыршақтай тіл қатпайсың,
Жоқ, әлде үнсіздіктен жаралып па ең?!
Көркің бір қарар ма деп қиял басқан,
Мен де жыр оқи бердім ұялмастан.
Бала едім, сол шақ еді жетілгенім,
Кір тарақпен таралған кекілдерім.
Қанша рет қол созсам да, періштем-ай,
Сен маған ұстатпайтын секілді едің.
Баспай қалған сенімдей өзгермейсің,
Тасқа айналған жүректен
мұз да аршылды.
Күйіп тұрып қарасам, көзге ілмейсің,
Сүйіп тұрып «жоқ» дейтін
қыздар сынды.
Байқаусызда, аңдамай, бірінші рет,
Ән айттым көңілімді ұғыншы деп.
Әдеппен көз қиығын салған шақта,
Әлгі қыз қарап тұрды күлімсіреп...
Бәрі өзінше бір қылық қылған дара,
Не қылсақ та, тек біздің кесіріміз,
Дәмеленіп бардым да жылдам ғана
«Қарындас, қандай еді есіміңіз?»
Әлі үнсіздік!
әлемнің бәрі үнсіздік,
Солай біз сұлулықтың заңын сыздық.
Жауабыңа телміре құлақ түрдім,
Мен ақымақ қайталап сұраттырдым.
Көктемдегі гүлдердей су-су болып,
Сен үнсіз жылап тұрдың...
Кенет сол сәт құрбың келді бетпе-бет,
Сыртқа шықтық, жұлдыздардан
үн тыңдап.
Айлы аспанда назын айтып өкпелеп,
Былай деді көз моншағы жылтылдап:
- Несін бекер жараладың елікті,
Білесің бе, нені ойлады, нені ұқты?
Білгің келсе, Жамал – қыздың есімі,
Мына өмірге мылқау болып келіпті.
Көңіліңді қара бұлттар басады ә?
Жігітім-ау, енді албырттық жасама,
Құдай қанша сұлулықты бергенмен.
Сұлуға тән тіл бермепті, не шара.?!
Бозардым ба, қандай кінә артар ең,
Көз алдымда дөңгеледі жарты әлем.
Мүмкін емес!
қонар ма екен құлаққа,
Мүмкін емес, тек қайталап сұратпа.
Бәрі мүмкін, сен бұйырсаң, Құдайым,
Мылқау қызды жылатпашы, бірақ та!
2012 ж.