18.08.2022
123
Мен
Құс едім еркіндікті қалап өскен,
Басынан дала көшкен.
Ал бүгін тұра шауып таңертеңмен,
Оралам қара кештен.
Оралар қара кештен құр сүлдерім,
Кім нәзік жүрегімді білсін менің?
Тым ерте жаза басқан!
Мен адасқан дегеннің өзі адасқан.
Не қалды мөлдірліктен,
Не қалды таза жастан?
Қосылып даңғаза түн, дабыра әнге,
Билей ме көз ұшында бағым, әлде.
Даңқтың өзі келді, өзі кетсін,
Шаруам не?
Есімдей сан алжасқан, сан ауысқан,
Жан беріп тіршілікте жан алысқан.
Қаңғыбас түндерім-ай текке өртенген,
Кәрі дос – білтесі алтын балауыз шам.
Несі бар таңдай қағып таңданатын?
Таңданатын көрмедім оңған ақын.
Сары мұңға күйдірген сол қанатын,
Бар еді ғой..
бір жүрек бар болатын...