18.08.2022
  145


Автор: Батырхан Сәрсенхан

Қысқы ауыл

Таңдарым таңға ұзаған,
Бергі заман, бұл бәлкім арғы заман.
Мен бе екен мұңды көзге қуанатын,
Қуанышқа жылайтын жалғыз адам?
Үйренген «иә», «жоққа»,
Үлкен сезім бармай ма қиянатқа.
Үлкен өмір бастар ма аярлыққа,
Үркер ауған түндерден ояндық та,
Үмітсіздік дертіне боялдық па?
Есімде сирень гүлі құлпырған шақ,
Бұлғындай бұлқынған шақ.
Тонаған тағдырымды аяусыз қып,
Бәрі де, бәрі де сол баянсыздық.
Баянсыздық, табанды бүріп тынған,
Сыр қалды қылықты қыз, үмітті ұлдан.
Анау үйге кірсем бе айқара ашық,
Жамау үйге кірсем бе құлып тұрған?





Пікір жазу