18.08.2022
  131


Автор: Батырхан Сәрсенхан

Ішкі түйсік

Дәл өзімдей аңғал-ақ бәрі маған,
Зұлымдық заңы өлгендей.
Өмірде ұғыспаған, танымаған,
Қанша жан өте шықты сәлем бермей.
Қалт тұрып, тұңғиыққа құлап барып,
Асқанда көш белестен.
Бір түнде өмір жайлы сыр ақтарып,
Қанша үміт ұшты желмен,
«қош» деместен.
Сен жалғыз, бұл ғаламда ақын жалғыз,
Адамның кейпіндегі.
Айлы кеште мұңайып отырған қыз,
Шырт ұйқымнан оятты кей түндері.
Бөкен жылмен борай да борай көшкен,
Созылып таңға сырлар.
«Жолығармыз» деді де талай кештен,
Жолықпастан кетті ғой жорға асулар.
Соғылып, сезбейсің-ау, сауға басым,
Жүректі өрт алғанын.
Өмір сүйген адамның әр баласын,
Жоғалтудан соншалық қорқам, жаным.





Пікір жазу