Адам ғұмырының Кестесі
Кім кемеңгер, кім ұлы –
Түсініксіз түк те осы?
Адамдардың ғұмыры,
А және В нүктесі.
Теңіздей тасынуда,
Тасынуда, малып ап басын уға.
Барлығы бір нүктеден бастау алып,
Бір нүктеге жеткенше асығуда.
Мән іздеп заңғар ойдан,
Самғар ойдан сәулелі таңғы арайдан.
Өлім бізге жақсы атты сыйлағанмен,
Өлу бізге мақсат па алға қойған?!
Төрт қара қойыменен,
Қой санадан аспады ойы неден?
Бүк түсіп кетіп жатыр қаншама адам,
Түп-түзу бір сызықтың бойыменен.
Аяймын аһ ұрғанды,
Ақымаққа айтылған ақылдарды.
Кектенемін өлердей кейде тіпті,
Жек көремін қызтеке ақындарды!
Барады сырғып кеме,
Баян таппай төрт күндік тірлікте де.
Алдымда қисық-қыңыр жолдар жатыр,
Кестелер бет алғанмен бір нүктеге.
Сұрама түк те менен,
Үтірлермен отауын тіккен өлең,
Сұрапылға түзу жол керек емес,
Шын ақында болмайды нүкте деген!
2013 ж.