18.08.2022
  117


Автор: Қазақ ұлттық ойындары

ШЫМБИКЕ

Ойнаушылардың саны он адамнан кем бол мауы керек. Ойын басталмас бұрын арасы 5 метрдей екі көмбе белгіленеді. Бірінші көмбеде ойнаушылар топ басқарушының артына қатарға тұрады, ал екінші көмбеде ақсақ кемпір (жалмауыз) ойнаушыларға қарсы қарап тұрады. Топ басқарушы ақсақ кемпірге қарап:


Шым-шым, шымбике,
Шымылдығыңды құр, бике,
Ақсақ кемпір тоңқылдақ,
Бұрама темір солқылдақ, мына судан
қайтіп өтейін? – дейді.
Ақсақ кемпір:
Ақсақ кемпір тоңқылдайды.
Бұрама темір солқылдайды.
Көйлегіңді салып өт! – дейді.


Осыны естіген ойыншы қос аяқтап алдыға қарай бір рет секіреді де: «Мына судан қайтіп өтемін?» – деп және сұрайды. Ақсақ кемпір: «Тоныңды салып өт!» – дейді. Ойыншы тағы секіреді. Осылайша төртінші рет секіргенде ақсақ кемпір оның қолынан ұстап, «судан» өткізіп алады да: «Неше аяқ көже ішесің?» – деп сұрайды. Ойыншы өзі қалаған бір санды атайды. Ақсақ кемпір: «Қазір сұраған көжеңді әкеліп береді!» – деп ойыншыны қасына отырғызып қояды. Келесі ойыншы да осылай «судан» өтіп келеді. Сөйтіп, ойыншылардың бәрі өтіп болған соң ақсақ кемпір нөкерін шақырып алып: «Мына қолға түскен адамдарды жазала!» – деп бұйрық береді. Нөкер әлгінде әрбір ойыншы кемпірге неше аяқ көже ішем деп жауап берген болса, әрқайсысының қолынан сонша рет шертіп шығады. Содан соң ақсақ кемпір мен нөкерді басқа ойыншылар алмастырып, ойынды қайта жалғастыруға болады.





Пікір жазу