17.08.2022
  87


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Жасымыз келмейді екен...

Жүрегім дір етеді жай қарасаң.
Қиялымды бұлтқа орап, айдан асам.
Қыстың суық ызғарын сезінбеймін,
Самал желдей жанымды аймаласаң.
Батырмаса тұңғиық тереңіне,
Сол сезімнің біздерге керегі не?
Періштем сол, мақпалдай жаны нәзік,
Нұр сыйлаған жаныма, жүрегіме.
Бағыңды да табарсың мүмкін әлі,
Бұлт артынан арайлап күн шығады.
Самал жел өшірсе егер бір шамыңды,
Сол желмен алаулайды бір шырағың.
Кім екен бұл дүниеде, кім сыңарым?
Асау жүрек дүрсілдеп тыншымадың.
Қыста соққан самал жел желіктіріп,
Үрлеп тұр-ау, жансын деп бір шырағың.
Шимайлаймын дәптердің ақ парағын.
Жан сырымды жыр етіп ақтарамын.
Бұл махаббат кешігіп келгені ме?
Жасымыз келмейді екен,
Қап, қарағым.





Пікір жазу