17.08.2022
113
Жан гүлім
Тал бойыңнан исі аңқып жұмақтың.
Жан жүрегім жылап тұрды, жұбаттың.
Көп жандарға жан-жылуы жетпейді,
Сол үшін де жаным сені ұнаттым.
Бейнең әсем, жаның нәзік мақпалдай.
Пейілің ақ, арай шашқан ақ таңдай.
Таңда оянған намазшамдай ашылып,
Жан дүниеме нұр сыйладың ақ маңдай.
Ғашық жүрек сыйласа да ғасыр мұң.
Жылатқан кім сендей жанды, асылды.
Жан сырыңды сездірмейін дедің бе,
Көз жасыңды жанарыңа жасырдың.
Күздің желі аяламай тоңдырды.
Гүл өмірді неге ерте солдырды.
Аққудың да махаббаты баянды,
Адамның да кұны жоқ па сол құрлы?
Жеткізбейтін жүйрік тағдыр, ой арман,
Өксіп жатып шырт ұйқыдан оянам.
Сенің барың жүрегіме жұбаныш,
Нәзік гүлім таңғы шықпен боянған.