17.08.2022
  142


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Қос қаза

Бір күн бе еді, екі күн бе арасы.
Туған күнінің солай еді арасы.
Қос ананы қатар емген досым-ау,
Бірге өттік бұл жалғаннан қарашы.
Қос шынар ек,
Қос бәйтерек,
Қос үміт.
Екі ананы қатар емдік қосылып.
Қуанышта қатар күліп жүруші ек,
Қайғы келсе жылаушы едік қосылып.
Жан досым-ай,
Бір емшектен сүт емген.
Алла ісі, дәм таусылса бітер дем.
Әңкір, Мүңкір жауап алып жатқанда,
Ұрпағымнан «Құран қатым» күтем мен.
Екі табыт, ажырады арамыз.
Екі мола екі бөлек қаламыз.
Екі бауыр екі бөлек кетсек те,
Шын өмірге қол ұстасып барамыз.
Ғарыш пенен бұл жалғанның арасы,
Ұзақ па әлде,
Жақын ба әлде, санашы.
Біз екеуміз қол ұстасып кеттік-ау,
Жалған өмір,
Қас пен көздің арасы.
Тажал тірлік, бағымды ұрлап барасың.
Ажыратпай жақсы жаман арасын.
Ей Аллам-ай, қиндықтан сақташы,
Өзің сүйген адамзаттың баласын.





Пікір жазу