17.08.2022
  90


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Түнгі муза

Жаңбыр төгіп,
Солқылдап тұр солық түн.
Тағдырласым тамұқ түнде жолықтың.
Мені қойшы, қорықпаймын түнектен,
Мен сені ойлап қорықтым.
Тамық түн бе?
Елес кезген айнала.
Қара бұлттар асылыпты айға да.
Жан-жағымда жалп-жалп етіп жарқанат,
Сумаңдайды суық жел де жай ғана.
Қара түнек,
Жол таба алмай адасып.
Шерлі көңіл шарқ ұрады шарасыз.
Жетегіңе ерем десем ертпейсің,
Сәуле шашып ғайып болып барасың.
Көкейімде сан мың ойлар, сан үміт.
Сен барасың гүлден моншақ тағынып.
Ертпедің-ау, қалғаным ба қайтейін,
Пейішіңе барар жолдан жаңылып.
Өңім бе деп ойлап жатып аңғардым.
Ғарыштарға, биіктерге самғар кім,
Түсімде де әурелеп жүр бұл шабыт,
Жөнге салып ақын деген аңғалды.





Пікір жазу