Жұбату
Өмір деген шекер емес, тұзы бар.
Тұз болмаса астың дәмі бұзылар.
Сырттай қарап жүрген жандар білмейді,
Бақытты деп,
Бақытыңа қызығар.
Жүріп өтем десе жұрттар,
Жолы үлгі,
Сілтеп тастап кетпеші тек қолыңды.
Киіп жүрген бәтеңкеңді бере сал,
Киіп көрсін,
Жүріп көрсін жолыңды.
Қапаланба,
Қажымашы, мұңайма.
Мына жұртқа мұңайғаның ұнай ма?
Жүрегіңе қанжар сұқса мұң-қайғы,
Жалбарынсаң медет берер құдай да.
Жүректе мұң,
Шықпай жатқан шер ме еді.
Көздің жасы ащы оның кермегі.
Бермегенді қайдан жұлып аласың,
Бұйырсын тек Аллаһымның бергені.
Көңіл кірбің,
Мұңын жырлап өлеңнің.
Сол соқпақпен мен де жүріп келемін.
Көз жасыңды сүртіп тастап жаза бер,
Тағдырластар алады ғой керегін.
Кездерің ай,
Текке аңсайсың бұрынғы.
Сағат тілі қашан артқа бұрылды?
Ұрпағыңмен көгеруді жазсыншы,
Сол аруға шолпы таққан бұрымды.
Шолпы таққан сол бір ару бұрымды.
Мұңыңды айтып ақтардың-ау сырыңды.
Сенің де бір уақыт сәтің келер ау,
Түсірмеші,
Түсірмеші құныңды.
Жақыным-ау,
Тілеулесім тілекшім.
Өзіңді ойлап ауырды ғой жүрек шын.
Соғып тұршы, мен де өмір сүрейін,
Жүрегімнің ішіндегі жүрексің.