Жан сырым
Қиямет қайым болғанша тұрар, бұл әлем,
Апамның ішін жарып бір шығып, жылап ем.
Өмірде мұнша адастым бе екен, білмеймін,
Миықтан күліп тұрғандай маған дүр әлем.
Етікпен кешер тірлігі деймін ердің де,
Ауыздығы бар жылқыға жемді бердің бе?
Кер заман қашан кері кеткенін қояды,
Құлап бір жатсаң,
Су тамызбайтын ерніңе.
Бұл жалған өтер,
Бағымды сірә табам ба?
Айныса дос та, айныса жақын табанда,
Адамның қарны тояды жарты күлшеге,
Көңіл шіркін-ай,
Жетпей жатады адамға.
Пейілім әппақ,
Мінезім шатақ білемін.
Құсаға толып жүргендей әттең, жүрегім.
Іштегі мұңды, сырттағы жырым жасырып,
Жанымның жүрмін таба алмай қалқам, бір емін.
Бұл күйді жаным Аллаһым ерте сыйлап ап,
Төз дейді маған,
Өзіңе берген сый табақ.
Өмірдің күйбің тірлігі мені шаршатты,
Кетсем бе екен,
Өлеңдерімді жинап ап.