17.08.2022
  209


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Немеренің тойына

Етек жиып,
Етік киіп, ес кіріп.
Ер жігітке жарасады естілік.
Кеше ғана туған бала үйленді,
Атасына ақ тұсауын кестіріп.
Томпияды,
Жарасып тұр киімі.
Қазағымның салт-дәстүрі тыйымы.
Жан біткенді іштей баурап алады,
Келінжанның көзқарасы, қиығы.
Бүгін жігіт, қызжібегі қасында,
Жарқырайды,
Жаны ұқсайды жасынға.
Салт дәстүр мен ырымдары киелі,
Қазақ деген ерекше ұлт қой расында.
Туған өлке,
Құт мекенім киелім.
Домбыраның дұрысташы тиегін.
Бұл мекенде асыл ұлдар туылған,
Топырақты,
Топырағын сүйемін.
Тұсау кесіп,
Тұсауыңды алдырып.
Өміріңнің арты кеніш, алды бақ.
Шаңыраққа ұл-қыз келсін, немерем,
Бесігінде тербелетін балбырап.


Өмір жалған, өтеді ғой барлығы,
Шідерлемей жүргей өмір шалдырып.
Адам деген ұрпағымен көрікті,
Аманатын кетер артта қалдырып.
Өмір жалған,
Кұмдай сырғып көшеді.
Азамат бол ардақтайтын төс елі.
Ақ тілегім қабыл болсын құдайым,
Аллаһымнан сұрағаным осы еді.





Пікір жазу