Арылу
Құдай берген жанашыр пейілім бар.
Жүрегімде тамшыдай мейірім бар.
Жандарды түсінбеймін мейірі жоқ,
Пендені түсінбеймін пейілі тар.
Ақылды да өтеді, алып та өтер,
Бай-бағлан да өтеді, ғаріп те өтер.
Өмірдің шын бағасын білгің келсе,
Еңіреп жылап жүріп табыт көтер.
Көз жеткіз бұл дүниенің жалғанына.
Алланың тәубе деме алғанына.
Тіріде сыйласпасаң, жыламағын,
Жақыныңнан ажырап қалғаныңда.
Жақсының бар кезінде құнын біліп.
Балаңа да ақыл айт, ұғындырып.
Берекенің бастауы бірлікте ғой,
Жүргейсің жан-жағыңды жұмылдырып.
Қара жер дүмпіп жатар аламын деп.
Онсыз да жалмап жатыр қара індет.
Ойлаңдаршы бүгінде кім ойлапты,
Жақынымнан айрылып қаламын деп.
Келейікші бір мезет тобамызға.
Келмесек ағайындар, оңамыз ба?!
Тіріде сыйласпаған ағайындар,
Өлгенде гүл екпейді моламызға.
Сыйласа түс, түсініп қадіріңді.
Адамзат бұл сынаққа тағы ілінді.
Бәлекетті жояр деп үміттеніп,
Е, Алла, күтіп жүрмін әміріңді.