
От шашу
Үш адам боп жүрме- деді топтасып,
Жақындармен жатырмыз-ау қоштасып.
Билігім-ау, неге қате жібердің,
Керек пе еді жарқылдаған от шашу?
Халық нала, сонда ақысы кеткендей.
Қайтеді енді ашуланбай, кектенбей.
Елге берер дәрі-дәрмек ақысы,
Сол салютпен бірге жанып кеткендей.
Біреуіне жөн айтуға тырыстым,
Біреуімен бет жыртысып, ұрыстым.
«Нұр-отанда жүру маған шарт емес»,
Бастауында жүру үшін бір істің.
Мынау желі, түрін көріп егестің.
Сойып салды, аямады, мені ешкім.
Өз күнімді өзім көріп жүрмін ғой,
Нұр-Отанда мүшелікте емеспін.
Бірлік керек- дейсің іштей, қақсайсың,
Жөнімді айтсам тағы қарғай бастайсың.
Әлеуметтік желідесің, батырсың,
Елге жік сап құр желіні ластайсың.
Сұрасаңыз жұрт жақсысын бере ме?
Туырлығы құлап қалса, кереге.
Бір асылды жоғалтсаң не табасың,
Сен аңсаған керемет күн келе ме?
Жолы болмай жүрген жан көп, жылайды.
Патша ғана айыпты- деп сынайды.
Неге мұнша пейілі тар пенде көп,
Патша түгіл ұнатпайтын Құдайды?
Туған күні құтты болсын, көне біл.
Көп жандарға ұнамайды, сеземін.
Сенің ойың қандай еді ойланшы,
Ол кеткенде кім болады сенерің?