17.08.2022
  306


Автор: Айткүл Сәулебаева

Зерделі

Баяғыда Зерделі дейтін шешен, білгір адам болыпты. Бір күні Зерделі бір топ жолдасымен жиһан кезіп келе жатып, бір қарияға кездесіпті. Сәлемдесіп, жөн біліскеннен кейін қария Зерделіге:
– Әкең Қазақбайды білуші едім. Үш түрлі бала туады: бір бала әкесінен өте туады, бір бала әкесіне жете туады, енді бір бала бар, ол кері кете туады. Сен соның қайсысы боласың? – деп сұрапты.
Зерделі:
– Ата, өте туған бала боларымды алдағы өнерім білер, кері кете тудым деу сізге де, сіздің алдыңызда мына жолдастарыма да өкінішті, реніш болар еді, әзірше, өз ойым, жете тудым ғой деп білем, – депті. Қария тағы бір сұрақ беріпті.
– Балам, өтірік пен шындықтың арасын өлшедің бе? – депті.
– Өлшедім, өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі, – деп, бала
оң қолының төрт саусағымен көз бен құлақтың аралығын басыпты.
Қария:
– Балам, ақыл кімнен шығады, асыл неден шығады, қанат неден шығады, жанат неден шығады, санат неден шығады, оғат неден шығады, оны білдің бе? – депті.
– Ақыл жастан шығады, асыл тастан шығады, тату болсаағайын

бірі құйрық, бірі жал, қанат содан шығады, қой терісін қорлама жанат содан шығады, халқы үшін қарттар қам жесе, санат сонан шығады, өнерсіз болса бозбала – оғат содан шығады, – депті. Қария Зерделіге риза болып, үйге түсіп, дәм татуға шақырады. Қымыз ішіп отырып, Зерделі:
– Ата, екеуіңіз қалай? – деп сұрапты. Қария:
– Екеуім үшеу болады, – депті.
– Алысыңызбен қалайсыз? Жақыныңызбен қалайсыз?
– Жақыныммен жауша жағаласып, жамандарша найзаласамын.
Алысым араздасты.
– Тәттіңізбен қалайсыз?
– Балам-ай, тәттінің де дәмі азая бастады ғой, – депті.
– Несиеңіз тие ме, ата? – депті, Зерделі тағы да. Сонда қария:
– Жасымда берген несием, қартайғандағы несібем екен, үй тігіп, қымыз сапырып отырғаным соның арқасы, – депті.
Қариямен қош айтысып, атқа қонған соң, былай шыға, Зерделінің жолдастары:
– Қариямен екеуіңнің соңғы сөздеріңді біз ұқпадық, соны түсіндірші, – деп өтініпті.
– Екеуіңіз қалай дегенім, екі аяғыңыз қалай, өздігіңізбен жүре аласыз ба дегенім еді. Қария: Екі аяққа бір таяқ қосылып, үшеу болды, – деді. Алысыңызбен қалайсыз дегенім – алыстағыны көре аласыз ба? – дегенім еді, қария алысты көрмейтін болдым деді.
Жақыныңызбен қалайсыз дегенім – тамақ ішіп жеуіңіз қалай дегенім еді, қария әр жерде бірден ғана тісім қалды, сонымен арпалысып күн көрем деді. Мен тәттіңізбен қалай дегенім – ұйқыңыз қалай дегенім еді, қария – ұйқым азайды деп жауап берді. Несиең тиеме дегенім – балаларың күте ме, жасында сіз оларды бағып-қағып өсіріп едіңіз, енді олар сол еңбегіңізді өтей ме дегенім еді. Қария: дұрыс тәрбиелеп, жақсы өсірген бала адамға қартайғанда бақыт екен. Балаларымның қызығын көріп отырмын, деді.
Зерделінің жолдастары бұған өте риза болыпты да:
– Сен өзің бізбен құрдассың, екі жастың біріне келмей жатып, қариядан асыра білім көрсеткеніңе таң қаламыз, – депті.
Сонда Зерделі:
– Мен өзім жас болсам да, әкем Қазакең көп жасады ғой, – деген екен.





Пікір жазу