Торғай мен адам
Өткен заманда бір саятшы тор құрып қойса, торына кішкене
бір торғай түсіп қалыпты. Торғайды адам қолына ұстап үйіне апара жатса, торғай тілге келіп былай депті:
– Мен кішкене торғаймын, союға жарамаймын, қапасқа салсаң құсастықпен өлемін. Онан да еркіме қоя бер, еркін кең дүниеге жібер, мен сізге екі ауыз өсиет айтайын, – депті.
– Кәне, әңгімеңді айт, – депті адам.
– Жарайды, бір ауызын қолыңда, бір ауызын жерге түскен соң айтайын. Өйткені қос қолдап қысып тұрғанда өкпем қысылып ештеңе айта алмаймын, – депті торғай. Аңшы босатыпты.
– Бірінші – өткен іске өкінбе; екінші көзбен көрмей сенбе! – депті.
Торғай анадай жерге қонып отырып:
– Сен ештеңені білмедің, менің бөтегемде жұдырықтай гауһар бар еді, – дейді. Адам қонып отырған торғайды ұстауға тұра ұмтылыпты. Торғай әр жерге ұшып-қонып ұстатпайды. Адам қуып қоймаған соң адамға былай дейді: «Менің жаңа айтқан өсиетіме түсінбепсің, өзің ақылыңа салшы, менің өзім жұдырықтай жоқпын, менің бөтегеме ондай зат қалай сияды? Бұл бір. Екінші – мен саған ұстатпаймын, қанатым бар. Сондықтан өткен іске өкінбе», – деп ұшып кетіпті.