![](/uploads/shorttexts/author_image/1983427[2].png)
Арыстан, қасқыр һәм түлкі
Арыстан ауырып, бір апанда жатады, барлық аңдар оның халін сұрап келіп жүреді. Бірақ түлкі келмеген еді. Қасқыр түлкіге наразы болады да, соның үшін арыстанға келіп, түлкіні жамандайды:
– Түлкі сені құрмет етіп, тым болмаса халіңізді сұрамады ғой, – дейді. Арыстан ашуланып, түлкіні шақырып алады. Түлкі қасқырдың жамандағанын сезеді де арыстанға айтады:
– Маған бекер ашуланасыз, мен сіздің ауруыңызды есіткен соң, бір тыным тапқаным жоқ, сізге ауруыңызды жазатын дәрі іздеп мазам кетті, міне жаңа ғана тауып келе жатқаным еді, – дейді. Сонда арыстан қуанып кетіп:
– Ол не дәрі? – дейді. Түлкі айтады:
– Егер де тірі қасқырдың терісін сыпырып алып, жылыдай жамылсаңыз дегенде, арыстан сөздің аяғын тыңдамастан, қасында тұрған қасқырдың терісін бассалып сыдыра бастағанда, түлкі сөзін айтып болмастан күліп, шығып жүре береді.