16.08.2022
  704


Автор: Айткүл Сәулебаева

Түлкі мен қырғауыл

Бір түлкі қалың ағашты аралап келе жатып, ағаштың басында отырған қырғауылды көреді де, жақындап келіп:



  • Сәлеметсіз бе, қырғауылым, халың қалай? – дейді. Қырғауыл:

  • Жақсы, өзің қалай тұрасың? – дейді. Түлкі:

  • Жерге түсіп, сөйлессеңіз қайтеді, бір құлағым естімеуші еді? – дейді. Қырғауыл:

  • Жерге түсуге қорқамын, жерде әр түрлі аңдар бар, бізді жеп қоюы мүмкін, – дейді. Түлкі:

  • Әй, достым, биылғы заман бұрынғы заман емес, жаңа ғана келдім, бұйрық шығыпты, біреуге біреу зорлық қылмасқа, қой мен қасқыр бірге жүрсін, түлкі мен тауық бірге жүрсін деген, – дейді.


Қырғауыл:



  • Жақсы хабарыңыз бар екен, рахмет, достым! Мына жақтан бір иттер келе жатыр, оларға да хабарыңызды айтыңыз, есітсін, – дейді. Ит деген сөзді есіткен соң, түлкі алды-артына қарамастан қаша жөнеледі. Қырғауыл:

  • Қайда барасың, түлкім, бұйрықты ұмытып кеттің бе? – дейді.


Түлкі:



  • Кім біледі, бұйрықты ол естімеген шығар, – дейді міңгірлеп. 





Пікір жазу