16.08.2022
  170


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Кеңесарық ауылым

Тау бойында, «Кеңесарық» ауылда,
Бие байлап өскен елде сауынға,
Сағынышты өлеңімді арнайын,
Ағайынға, кластасқа, бауырға.
Бауы да әсем, тауы да тұр көк тіреп.
Ауылда өскен баламыз ғой, ептірек.
Тау өзені жылап ағып жатқандай,
Туған жерін ұмытып бір кетті деп.
Туған өлкем, байланған жер кіндігім.
Сені аңсаймын, сағынамын, шындығым.
Жұлдыздарды санап жүрген кездер-ай,
Киіз үйдің түріп тастап түндігін.
Сағым жылдар, сары-ала мұң, сағыныш.
Өрт кеудеңде болып жатса жарылыс?!
Жанға дауа, дертке шипа беретін,
Ауылдағы бұлақ суын қанып іш.
Жастық дәурен, өтті кетті, сағым мұң.
Тағдырымның тәлкегіне бағындым.
Қайдасыңдар қатар өскен құрбылар,
Ағайындар мен сендерді сағындым.





Пікір жазу