16.08.2022
  115


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Туған күн

Аянатын ештеңем жоқ түгінде,
Мерейлі шақ,
Аға туған күніңде.
Елу үш жыл құм сағаттай жылжыпты,
Елу төртке қадам бастың бүгінде.
Жарты ғасыр,
Жасқа мына жас қосып,
Тілегін ал,
Ағайынға ас тосып.
Қадіріңді асыратын күніңде,
Тойлатқайсың достарыңмен бас қосып.
Шат күніңде,
Осы бір күн мерейлі,
Шалқып тасы,
Жұрт ештеңе демейді.
Бай-бағланнан сыйлық алып жатсаң да,
Ауқат беріп төрге шығар кедейді.
Беріп қойып, тойға түскен теңгені,
Мәз етіп қой, жан-жарыңды, жеңгені.
Қазан-ошақ қайнап жатса қара үйде,
Ол да болса сол жеңгенің еңбегі.
Санасына Құдай салған білікті ой,
Қазіргінің балалары ұлық қой.
Болашағым сендерсің деп, құшақтап,
Әрбірінің маңдайынан сүйіп қой.


Мөңіремес үшін кейін тұлыпқа.
Сылтау таппай жүрмеу үшін сыныққа.
Туыстарды дастарқанға шақырып,
Бірге туған бауырларды ұлықта.
Қақ төріңнен орын алса нағашың.
Әпкесінен туған сен бір баласың.
Төркінімнің қадіріне жетті деп,
Мерейі үстем боп қалады анашың.
Ержігіттің алғыр болса таланы.
Қайынжұртпен ажыратпас араны.
Ұл-қызыңның нағашысын шақырсаң,
Әйелің де риза болып қалады.
Дархан қазақ,
Тойда айтар, тостарын.
Бір жылқы деп мерей тойға қосқаным.
Аузын ашса ақ жүрегі көрінген,
Аман болсын,
Құрдастарың, достарың.
Қолым тимей құттықтауға күндіз мен.
Туған күн деп қызарып тұр күнтізбең.
Сырттай ғана таныс болған ағама,
Тұлпар жырым осы болсын мінгізген.





Пікір жазу