16.08.2022
  136


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Қазақтың дүлдүл ұлына

(Димаш Құдайбергенге)
Дауысы дүр,
Көзі нұр, от жанары.
Димаш ұл, әлі талай топ жарады.
Әлемді сақтап қалар тылсымға ие,
Үнімен соғысты да тоқтатады.
Даңқ, атақ алып келген елге бұлай.
Қазаққа жасап жүрген еңбегі бай.
Әміренің өнерін берсең дағы,
Әміренің тағдырын берме Құдай.
Асыл ұл,
Құдай берген бағы басым.
Әуелеткен әуенін сағынасың.
Жаныңа медет берген өр өнерін,
Тұмардайын кеудеңе тағынасың.
Болмасын деп тілейік досы мыстан.
Ата-анасы қос аққу қосыла ұшқан.
Қазаққа Құдайымның берген сыйы,
Үні оның жерден емес, космостан.
Тербеп бір, тербетіп жүр ән киесі.
Сыбызғының үніндей жан дүниесі.
Ата-әженің баласы, қолында өскен,
Жаны сұлу, жібектей тәрбиесі.


Тамшыдайын, жыр болып көлге тамған.
Құс жолындай жолы оның, өрге салған.
Дауысында шипа бар, емге дәру,
Әлемді төл тілінде сөйлете алған.
Бағың жансын, өркенде, бақ қарасын.
Төл әніңмен әлі де топ жарасың.
Өнерде алға озған қазанатым,
Додада бәйге бермес шоқ, дарасың.
Ойлаған болашақ пен кейініңді.
Өнерің паш етіп жүр пейіліңді.
Тамсантқан әлем жұртын әндерің де,
Әжеңнің жүрегіңдей мейрімді.
Жарқ етіп жанып шыққан лағылдайын.
(Зергерлер жақсы білер лағыл жайын).
Әлемді ән жырыңмен тербете бер,
Елге келсең, шапан мен тағың дайын.
Самғамаса сайрамас құс торында.
Ұлыларды ұлықтап, түс жолына.
Қазақтың бұлбұл үнді балапаны,
Самғай бер, қанат қағып құс жолында.





Пікір жазу