16.08.2022
  100


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Поэзия жампоздарына

Бас қосса да кіл жақсыны жиып ап.
Қуанса да әрбіреуі сыйын ап.
Адамзаттың әртүрлі ғой пейілі,
Жұртты бағу,
Жұртқа жағу қиын-ақ.
Ортасынан озып шығар даралар.
Шын тілеулес, шын еңбекті бағалар.
Иығына ауыр жүгі батқан соң,
Боздайды екен,
Боздайды екен қара нар.
Әрбіреуі әр арнаға бұрғандай.
Бірі өкпелеп,
Бірі жүрер бұлданбай.
Болашағы жарқын болар ма екен деп,
Дара болды,
Шара болды,
Бұл қандай?
Тіршілік-ай,
Болатұғын көпке сын.
Біреу риза,
Біреу айтып өкпесін.
Қазағымның кара өлеңі түбінде,
Көкпаршының тақымында кетпесін.


Кеудесіне нан пісіп жүр кіл мықты.
Адам пенде,
Қара өлең мен жыр мықты.
Бәрі бекер,
Бәрі шекер болмайды,
Ойламасаң,
Ойламасаң бірлікті.
Қырық кісі бір жақ болса, бергені.
Қыңыр кісі,
Өсек аян ермегі.
Көкке ұшып кетпеңдерші тасынып,
Ақындарым,
Жақындарым жердегі.
Жөніменен сөз айтпасаң жүйелі.
Сөздің дәмі кетеді ғой киелі.
Бір ақынды кінәлап жұрт жатса егер,
Оған атқан тасың маған тиеді.
Бабалардың дара жолын сақтайық.
Кіл жүрікті жабу жауып баптайық.
Өлең деген,
Өнер деген киелі,
Кетпесінші басымыздан бақ тайып.





Пікір жазу