16.08.2022
  90


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Ақындар бас қосқанда

Жаңа серпін, жаңа күнім атқандай,
Сері жігіт, жібек қыздар ақ маңдай.
Сәйгүліктей сауырынан жел есіп,
Желіп келіп өз үйірін тапқандай.
Ашылғандай тәңір сыйы, жыр бағы.
Махаббаттың сырын айттық, жырладық.
Поэзия атты пейіш бағын аралап,
Өлең болып ағытылды сырлары.
Өлең орта,
Жан болмады жас талғар,
Арамызда жалын жүрек жастар бар.
Махаббаттың жырын да біз жырладық,
Көктөбеде алма теріп басталған.
Аға буын, жарасып тұр әзілі.
Дастарқанда астың түрлі мәзірі.
Бір аруға Алмақыз деп ат қойды,
Сый алманы жемегені-жазығы.
Аңсаған ем тап осындай ортаны.
Бұл ақының қашанғы өзі жортады?
Тұсауын да кестірермін осында,
Төр кітаптың тойын беріп торқалы.
Арасында өлең оқып жарыстым,
Жаршысы боп жүргім келді әр істің.
Танакөздің жыр төгілген тойында,
Жаны жібек жайсаңдармен таныстым.
Түсінгенге бұл бір шуақ жаңа атқан.
Жыр өмірді бастап жаңа парақтан.
Үйіріне қайта айналып қосылған,
Қанат жырға шабыт берші, Жаратқан.





Пікір жазу