15.08.2022
  94


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Сағыныш

Тау, дегерез, қыстақ маңы, от жаны,
Алаулайды ошақ пештің шоқтары.
Тұнық аспан, түн мүлгиді, ай қалқып,
Жарқырайды оттары.
Қызыл алау ошақта ағаш шатырлап.
Қара шәугім қайнап жатар сақырлап.
Түнде борсық аулаймыз деп ініммен,
Қайран күндер,
Мінуші едік ат ұрлап.
Әнге бөлеп шегірткенің шырылы.
Кісінейді тор биенің құлыны.
Бәрін біліп жатады екен әкешім,
Түнге қарай ат ұрлайтын ұрыны.
Талай мәрте, кер дөненге қол сұқтым.
Асау еді бұлқынатын шоршып тым.
Бой сергітіп қайтатынбыз жайлаудан,
Інін аңдып борсықтың.
Тау, дегерез, тұнық аспан, айдала.
Жұлдыз сөнген, бозарып тұр ай ғана.
Таудың салқын самал желі еседі,
Желпіндіріп жай ғана.
Ұйқы келмей желіктіріп құла түн.
Ал анашым таңда ерте тұратын.
Қағынғандар ұйықтап алсын, сен бар деп,
Мал соңына егде ағамды қуатын.
Берсең дағы ең биігін тағыңның.
Тәтті шағы сол кез екен бағымның.
Дара күндер,
Бала күндер келмейді,
Апа сені сағындым.





Пікір жазу