15.08.2022
  104


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Бір кем дүние

Жұмбақ жан,
Жұмбақ өлім, жұмбақ ғалам.
Өмір-ай,
Өтер бір күн бұлғақтаған.
Билік, мансап, байлықпен таңдау болса,
Баламның амандығы қымбат маған.
Түбіңе де жетер-ау күпірлігің.
Жан мен малды сақтайды шүкірлігің.
Қара нан жеп, қара су ішсем дағы,
Дін аманмын, жағдайым шүкір бүгін.
Өмір-ай,
Көз жүгіртіп өткеніме,
Дәріс алып келемін мектебіңде.
Ұғындым,
Өмір сырын,
Қайран әкем,
Алты шаршы кебінмен кеткеніңде.
Ауыр қайғы ақ үйде, отау жақта.
Түгі қалар тұрғанда ат аунап та,
Басымызға бермесін, көңіл айтам,
Атамдатсаң атамдат, ботамдатпа.
Қиын-ай,
Айырылғаны қимас жаннан,
Бақыл бол,
Қыршын өмір,
Қимас қарғам.
Оң қол беріп, сол қолы алатұғын,
Құдалықта жүргендей, «Сыйлас жалған».





Пікір жазу