15.08.2022
  117


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Нәубет жылдар

(Әкемнің естелігі)
Бусап дала, сол бір жылы көктемде,
Түн менен күн теңелер шақ жеткенде,
Деп бастады әңгімесін қарт әкем,
Қан майданға жалғыз ағам кеткен, деп.
Нәубет кезең, соғыс салған әлегін.
Зейінді едім, үш-төрт жас па, бар ебім.
Ұртындағы нанын жұтпай, жан ағам,
Ұйықап кетті, қасында едім, бала едім.
Іште жатқан шер болды ма, уайым.
Деді ме әлде борышым ғой, шыдайын.
Алла сабыр берген жан ғой әкем де,
Бес парызын ұмытпаған, Құдайын.
Сол бір жылы,
Сол бір күннің кешінде.
Шығарып сап соғыс деген кесірге.
Арбаға еріп, Ұлым ау деп аңырап,
Қарт анамның жылағаны есімде.
Сынақ шығар деді ме әкем шыдайын?
Қой кемпір, деп жұбатпады жұбайын.
Бірнеше ұлын ашаршылық жалмаған,
Неткен сабыр берген оған Құдайым.
Ағам тіккен ақ отауды құлатып,
Асыл жеңгем, ағам алған ұнатып.
Көп күн өтпей киімдерін жинап ап,
Кетіп қалды төркініне қыр асып.


Қарт анашым рұқсат беріп, жыламай.
Іштей ұғып, себебін де сұрамай.
Ақ жол тілеп келініне қалды апам,
Ұлын күтпей кеткеніне шыдамай.
Қаралы күз,
Қара түнек қаралы.
Жасаурайды мұңға толып жанары.
Тезек теріп жүріп апам ойбайлап,
Боздайтын кеп күңірентіп даланы.
Күдер үзіп, орындалмай тәтті арман.
Хабар болмай, хаты да жоқ сақталған.
Қарт әкені жылатпайын деді ме?
Пошташы да жеткізбепті хаттарды.
Іздеу салдым, интернетті ақтардым.
Бір ұшына іліндім- ау ақпардың.
Қырық үште жараланған екен ғой,
Ағам- ау деп еңіреуге шақ қалдым.
Батыр болмай сол ағамдай, ту ұстап.
Жасырынып жүрді көп жан қуыстап.
Кейін білдім, ерлік жасап сол ағам,
Қайтыс бопты жапондармен ұрыста.
Апам да өтті, көздің жасы тиылмай.
Құран оқып, дастарқаны жиылмай.
Жат мекенде жер жастанған ұлына,
Туған жердің топырағы бұйырмай.
Бүгін ойлап, күнделікті ақтардым.
Өткен күндер көкейімде сақталдың.
Соңғы легі қай поштада қалды екен,
Қарт анаға жетпей қалған хаттардың.





Пікір жазу